Семейде Жаңа жыл шыршасы мен түрлі іс-шаралар ұйымдастыруға 30 млн теңге жұмсалмақ

Фото: Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Жаңа жыл мерекесі қарсаңында 2019 жылдан бері Семейдегі орталық алаңға орнатылып келе жатқан шырша былтыр қатты желден бүлінген еді. Биыл оның орнына биіктігі 20 метрлік жасанды шырша қойылмақ.

Семей қаласында Жаңа жыл мерекесіне орай орталық алаңға шырша орнату, безендіру және жарықтандыру жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалхатына жауап жолдаған Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков мәлім етті. 

- Оның ішінде Орталық алаң мен М.Әуезов алаңында жаңа жылдық шыршаны салтанатты жағу рәсімі, театрландырылған қойылымдар, аниматорлардың қатысуымен шоу-бағдарламалар мен концерттік нөмірлер ұйымдастырылады. Қала аумағы мен көшедегі ағаштар мерекелік әшекейлермен безендіріледі. Тұрғындар үшін орталық алаңда, Арбатта, Ертіс өзенінің жағалауында, М.Әуезов алаңында шағын сәулеттік пішіндер (МАФ) орнату жоспарланған. Бұл пішіндер 2022-2023 жылдардан бері ішінара пайдаланылып келеді, - деді ол.

Жаңа жыл қарсаңында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға арналған шаралар да қолға алынып, бүлдіршіндерге сыйлықтар берілмек. Абай облысы бойынша мүгедектігі бар балаларға арналған және басқа да арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында 23-28 желтоқсан аралығында жаңажылдық акция ұйымдастырылады.

- Семейде 2019 жылы сатып алынған шырша қатты жел салдарынан бүлінген. Осыған байланысты ол биыл ауыстырылады. Шырша алуға, қаланы безендіруге және Жаңа жылды атап өтуге байланысты өткізілетін барлық шараны қоса есептегенде 30 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Биіктігі 20 метр болатын жасанды шырша Тәуелсіздік күнінен кейін орнатылады. Жаңажылдық отшашу 1 қаңтар күні сағат түнгі 01:00-де болады, - деді Димитрий Гариков.

Облыс әкімінің жаңа жылдық шыршасын «Тайқазан» салтанат залында 24 желтоқсан сағат 14:00-де және 25 желтоқсан сағат 11:00-де өткізу жоспарланып отыр. Оған ерекше білім беруді қажет ететін балалар, 9-13 жас аралығындағы жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, оқуда, спортта, шығармашылықта немесе қоғамдық өмірде жетістікке жеткен дарынды балалар шақырылған. Жиыны - 250 бала. Сонымен қатар қаладағы орталық алаңда мұз айдыны ұйымдастырылады.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда жаңажылдық шыршалар құны қанша тұратыны туралы жазған болатынбыз.