Аталған құжат Елбасының Жолдауындағы еліміздің транзиттік әлеуетін, логистикалық көрсетілетін қызметтер мен халықаралық сауданы дамыту саласында қойған міндеттерін орындау аясында әзірленген болатын.
Құжаттың міндеті тағайындалған оператор институты және «пошта байланысының әмбебап қызметтері» секілді ұғымын енгізу арқылы еліміздің пошта байланысы саласына жаңа модель енгізу болып табылады.
«2011 жылы тағайындалатын оператор туралы шешім қабылданып, Қазақстан алты айдың ішінде тағайындалған операторды айқындауы керек болатын. Бірақ ол атқарылмаған. Өйткені, бұл мәселемен сол кездегі Көлік және коммуникация министрлігі айналысты, алайда екі мәрте жоба дайындағанымен Әділет министрлігі жобаларды қолдамаған. Сол себепті бұл мәселені ұлттық заңнамаға өзгеріс енгізу арқылы шешу туындады. Ал тағайындалған операторды айқындауға қатысты мәселені Қазақстанның шешпеуіне байланысты Дүниежүзілік пошта одағы атынан EMS кооперативі 2014 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық мүшелік жеңілдіктерді Қазақстанға беруді тоқтататыны туралы Ұлттық пошта операторын хабардар еткен. Бұл Қазақстан үшін EMS кооперативінің халықаралық жүйесіне қол жеткізуден айыруға әкеп соғады», - деді заң жобасына бастама жасаған Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов. Оның айтуынша, 2008 жылы Дүнижүзілік пошта одағының жарғысы «тағайындалған оператор» терминімен толықтырылған болатын. Бұл санатқа Дүниежүзілік пошта одағына мүшелікке кез келген мемлекеттік немесе мемлекеттік емес ұйым кіре алады. «Олар өз аумағында пошта қызметін жүзеге асыруды қамтамасыз етіп, Дүниежүзілік пошта одағының актілері мен туындап отырған өзгеріске қатысты міндеттерді орындауы тиіс»,- дейді Ш. Өтемісов. Бұдан бөлек, депутаттық корпус пошта операторының қолжетімділігін, жеделділік пен ұдайылықтың қажетті деңгейін ұйымдастыруды заң деңгейінде қамтамасыз етуді ұсынып отыр.