Сенат спикері «Мәңгілік Ел» идеясын табысты жүзеге асыру үшін депутаттарды бар күш-жігерлерін салуға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттық корпусты Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру және Президенттің «Нұр Отан» партиясының XVI Съезінде алға жүктеген кешенді міндеттерін табысты шешу үшін бар күш-жігерлерін салуға шақырды.

«Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының Съезінде кешенді бес институционалдық реформаны жариялады. Күрделі кезеңде стратегиялық мәнге ие болған бұл міндеттерді жүзеге асыру экономикалық дамуды қамтамасыз етіп, демократиялық құндылықтарды одан әрі ілгерілетуге септігін тигізеді. Бұлар біртұтас транспарентті, есеп беретін мемлекет құруға бағытталған заманауи кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, заң үстемдігін және әділ сотты қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономиканы әртараптандыру секілді кешенді шаралар», - деді Қ.Тоқаев.

Палата Төрағасының айтуынша, Елбасы айқындаған реформаларды табысты жүзеге асыру тек халық пен мемлекеттің күш-жігерін біріктіргенде ғана мүмкін болады. «Бұл билік тармақтарына да аса жоғары жауапкершілік жүктейтін ауқымды жұмыс», - деді Қ. Тоқаев.