Сенатор Елбасының Ұлытауда берген сұхбатына баға берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Президенттің Ұлытауда берген сұхбаты шын мәнінде тарихи сөз болды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин айтты.

«Президентіміздің Ұлытаудағы сұхбаты - менің жадымда ұзаққа сақталатын, өмірімдегі ең маңызды оқиғалардың бірі. Әрине, ол сұхбатта Елбасымыз түбегейлі жаңа сөз айтты деуден аулақпыз, дегенмен бұрынғы айтып келе жатқан тұжырымдары, осыған дейінгі бағдаршам ойлары, пікірлері жинақталып, қарапайым тілмен, халыққа жетімді де өтімді түрде қайта жаңғырып, миллиондаған аудиторияға бағышталды», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, бұл сұхбаттың тарихи маңызы бар.

«Бұл тарихи сөз. Тарихи болатын себебі Президент бұған дейін Жолдауларында, халыққа арнауларында, сұхбаттарында айтып келген ойларын тиянақтап, осынау бір геосаяси жағынан өте күрделі кезеңде халықты тыныштыққа, байсалдылыққа, сабырлылыққа шақырып отыр», - дейді сенатор.

Оның айтуынша, бұл сұхбатта ұлтымыздың тарихы да, мемлекеттің қалыптасу жолы да, дін, тіл, мәдениет, ғылым мәселелері де жан-жақты қамтылды.

Сондай-ақ, сенатор сұхбаттағы Президенттің халықаралық терминдерді қазақ тіліне аудару мәселесіне қатысты айтқан ойын да тарқата кетті. Оның айтуынша, бұл мәселе тек қоғамда ғана емес, сонымен қатар Парламентте де қызу талқылануда.

«Бұл әбден пісіп-жетілген мәселе деп ойлаймын. Лексиконымыздағы халықаралық терминдерді оңды-солды аудара беру де кейде тілімізге кесірін тигізеді. Мәселен, интернационализм деген сөз халықаралық термин, оны аударудың қажеті шамалы. Немесе Президент айтқандай, композитор сөзі де барлық тілдерде дәл солай айтып жүр. Ал егер мәселе «самолет» деген сөздің «ұшақ» деп аударылғаны туралы болса, сөз басқа. Бұл жерде барлығы өте орынды аударылған», - деп атап өтті Сенат депутаты