Сергей Кулагин Қорғалжын аудандық ауруханасына жедел жәрдем көлігінің кілтін тапсырды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қорғалжын өңіріне жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Сергей Кулагин аудандық ауруханаға «Хюндай» жедел жәрдем көлігінің кілтін тапсырды.

Ауданға сапары барысында аймақ басшысы алдымен Тыңғылықты ауылындағы «EL-NURGROUP»ЖШС-де болып, осындағы мал бордақылау алаңның жұмысымен танысты. Қазіргі кезде шаруашылықта 3 мың бас малға арналған екі мал қорасы салынып жатыр. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы ангус және герефорд тұқымды 1350 бас ірі қара сиыр және 45 бас бұқа сатып алынды. Алдағы уақытта сиырлар санын 5000 басқа жеткізу жоспарланған. Қазірдің өзінде Астана қаласында шаруашылықтың ет және ет өнімдерін сататын өз дүкендері бар.

Мал бордақылау кәсіпорынның жұмысына оң бағасын берген аймақ басшысы Қорғалжын ауданы мал шаруашылығы дамытуға қолайлы екенін атап өтті.

«Ауылдық жерлерде мал шаруашылығын дамытуға қолдау көрсете береміз», - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, аймақ басшысы қалпына келтірілген Дударай ескерткіші мен визит орталығында және бірқатар әлеуметтік нысандарында да болды.

Осы ретте, аудандық ауруханада болған Сергей Кулагин аталған медициналық мекемеге «Хюндай» жедел жәрдем көлігінің кілтін тапсырды. Сондай-ақ, ауданның дамуына үлес қосып жүрген түрлі сала қызметкерлеріне грамоталар табыс етті.