Еске сала кетсек, «Оқжетпес» футбол клубы биылғы маусымда бірінші лигадағы командалар арасында Қазақстан Республикасы біріншілігінің жеңімпазы атанған болатын. Осынау қуанышты күнді жергілікті футбол жанкүйерлері екі жыл бойы күткенін айта кеткен жөн.
Өткен демалыс күндері облыс әкімі Сергей Кулагин «Оқжетпес» футбол командасының осы маусымдағы соңғы ойнына қатысып, ойыншыларға құрмет көрсетті. «Оқжетпес» жанкүйерлері осы жолы да алаңға шыққан өздерінің сүйікті командасын қошеметпен қарсы алды. Ойын басталмас бұрын алдымен аймақ басшысы құттықтау сөз сөйлеп, «оқжетпестіктердің» қадамына сәттілік тіледі. Аталмыш команданы алға сүйреген «Оқжетпес» футбол клубының директоры Юрий Бондаренкоға, команданың бас бапкері Андрей Ферапонтовқа, команда капитаны Әлібек Бөлешев пен команда ойыншыларына алғысын білдіріп, премьер-лигада өз жанкүйерлерін жерге қаратпауды тапсырды. Қазақстан футбол федерациясының бірінші вице-президенті Аллен Шайжүнісов өз сөзінде келесі жылдың маусымында «Оқжетпес» футбол командасының премьер-лигада ойнайтынын жеткізді.
Бұдан кейін аймақ басшысы «Оқжетпес» пен Ақтау қаласының «Каспий» футбол командалары арасында болған ойынды тамашалады. Матчтың 23-ші минутында көкшетаулық ойыншы Никита Хохлов есеп ашты. Қарсыластар да қарап жатпады. Тез арада шабуылға көшіп, бір қарбалас сәтте есепті теңестірді. Ойынның екінші таймында «оқжетпестік» Әлібек Бөлешов, Виктор Крюков пен Антон Куксин тепкен доп «Каспий» командасының қақпасынан табылды. Сөйтіп, қарсыластарын 4:1 есебімен ойсырата жеңген «Оқжетпес» өз жанкүйерлерінің көңілін тағы бір көтеріп тастады.