Серік Жұманғарин Қазақстанның Doing Business-тегі рейтингі туралы: 6 индикаторға өстік

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин Бүкіләлемдік банктің «Doing Business» жаңа рейтингінде Қазақстан қандай индикатор бойынша алға шыққанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, Бүкіләлемдік банктің Doing Business 2019 (Бизнес жүргізу 2019) рейтингінде Қазақстан Республикасы 28-орынға тұрақтаған болатын. Қазақстан бір жылдың ішінде бірден 8 саты жоғарылап, 28-орынға орналасты. Былтыр біздің ел 36-орында еді.

«Қазақстан бұл рейтингте Испания (30 орын), Франция (32), Польша (33), Португалия (34), Швейцария (38), Жапония (39), Түркия (43) секілді елдерді озып кетті. Рейтингтің келтірілген нәтижелері Қазақстанның негізгі 10 бағыттың алтысында жоғары көтерілгенін айқындап отыр.

Еуразиялық экономикалық одақтың ішінде Қазақстан көшбасшы. Қазақстаннан кейін бұл ретте Ресей 31-ші, Беларусь 37-ші, Армения 41-ші, ал Қырғызстан 70-ші орыннан көрінді», - дейді Серік Жұманғарин.

Ал қалған үш индикатор бойынша Қазақстанның позициясы төмендеп кеткен. Нақтырақ айтқанда, «Жекеменшікті тіркеу» индикаторы бойынша бір орынға ысырылып, 18 орынға табан тіресе, «Салық салу» индикаторы бойынша 6 қадам артқа шегініп, 56 орынға сырғыған. Ал «Электрмен қамту жүйесіне қосу» индикаторы бойынша 76-шы орыннан көрінген.

Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, Қазақстанның іскерлік климатын жақсарту бойынша 2014-2018 жылдардың аралығында Үкіметтің жүргізген бірқатар теңдессіз реформалары өз жемісін беріп отыр. Осылайша, Қазақстан бизнес жүргізудің жеңілдігі тұрғысында DoingBusiness рейтингінде отыздыққа енген.

«Үкімет қазіргі қолданыстағы заңнаманы реформалау, рұқсат беру жүйесін жетілдіру, бизнес құрудың процедураларын жеңілдету, мемлекеттің бақылау-қадағалау жұмысын оңтайландыру, елдегі бизнес климатты және Қазақстанның халықаралық рейтингте позициясын жақсарту бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізіп жатыр», - дейді ол.

Тарқата айтқанда, бірқатар: 2014 жылдың 2 шілдесінде - мемлекеттік басқаруды жетілдіру мәселесі туралы, 2014 жылдың 29 желтоқсанында ҚР-дағы кәсіпкерлік дағды үшін шарттарды жақсарту шаралары бойынша, 2015 жылдың 22 сәуірінде мемлекеттің кәсіпкерлік салаға араласуын шектеу, 2016 жылдың 29 наурызында рұқсат беру процедуралары мен құжаттарын қысқарту мәселелесі бойынша, 2017 жылдың 27 ақпанында азаматтық, банктің заңнаманы жетілдіру және кәсіпкерлік саладағы шарттарды жақсарту, 2018 жылдың 24 мамырында кәсіпкерлік саланы реттеу жұмысын жетілдіру бойынша заң қабылданған.

Жалпы Қазақстан 10 базалық индикатор бойынша бағаланған. Соның ішінде алты позиция бойынша еліміздің көрсеткіші оңды болып отыр.

«Минотарлы инвесторларды қорғау» индикаторы бойынша Қазақстан екінші жыл қатарынан әлемдік көшбасшы болды. Мемлекетіміз «Халықаралық сауда» ( 21), «Несие алу» ( 17), «Құрылыс жұмыстарына рұқсат алу» ( 17), «Кәсіпорындардың ашылуы» ( 5), «Келісімшарттардың атқарылуын қамтамасыз ету» ( 2) және «Төлем жүргізе алмау қабілетін шешу» ( 2) индикаторлары бойынша айтарлықтай өсімге қол жеткізді», - дейді Серік Жұманғарин.

Жалпы, Бүкәлемдік банктің сарапшылары ҚР Үкіметінің реформаларын бірнеше бағыт бойынша ерекше атап өтеді. Біріншіден - «Кәсіпорындардың ашылуы» (1 реформа): Қазақстан қоспалы құнға салынатын салықты тіркеуге кететін уақытты қысқарта отырып, бизнесті енгізу шарттарын жеңілдетті. Екіншіден - «Халықаралық сауда» (2 реформа): Қазақстан АСТАНА - декларациясы арқылы кедендік электронды жүйені енгізу жолымен халықаралық сауданы реттеді. Үшіншіден - «Келісімшарттардың атқарылуын қамтамасыз ету» (2 реформа): Қазақстан коммерциялық іске қатысты барлық сот шешімдерін барынша ашық қыла отырып, жариялы түрде келісімшарттардың атқарылуын қамтамасыз етті.

Ал «Салық салу» (-6), «Электрмен қамту жүйесіне қосу» (-6), «Жекеменшікті тіркеу» (-1) сияқты позиицяларда төмендеу байқалады.

«Сонымен бірге, мәселен, электрмен қамту жүйесіне қосылудың ең үздік мерзімі 18 күнге тең. Ал Оңүстік Кореяда аталмыш мерзім 13 күн болса, Біріккен Араб Әмірліктерінде бар-жоғы 10 күнді құрайды. Аталмыш елдерде, атап айтқанда, Оңтүстік Корея мен БАӘ-де электрмен қамту желілеріне қосылу мерзімі әртүрлі болғанымен, оларға бірдей 100 ұпайдан беріледі. Себебі, олар ең үздік көрсеткіштен, яғни 18 күннен асып тұр», - дейді ол.

Вице-министрдің пайымдауынша, бизнестің дамуы үшін шарттарды шынайы жақсартуға бағытталған жұмыстар бүгін қабылданып отырған шешімдермен шектеліп қалмақ емес. Ол жүйелі түрде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жалғасатыны анық. Қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасының заңнамасына кезекті өзгерістердің пакеті бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Ол өзгеріс «Doing Business» рейтингінің негізгі индикаторларын ескере отырып, енгізіледі», - дейді Серік Жұманғарин.