«Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң келiсiмi бойынша және Ақжар аудандық мәслихаты депутаттарының келiсiмiне сәйкес Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Ерiк Сұлтановтың өкiмiмен Серiкбай Тұралинов Ақжар ауданының әкiмi болып тағайындалды», делінген хабарламада. Аудан әкімінің бұрынғы басшысы Мұхит Тұрысбеков бұл қызметтен өз еркімен кетті. Аймақ басшысы қайта тағайындалған әкімге бірқатар тапсырмалар беріп, Ақжар ауданынан сәтті әлеуметтік-экономикалық даму үшін барлық мүмкіндігі бар екенін атап өтті. «Мал шаруашылығы мен өнеркәсіпті дамыту үшін мұнда әлеует жеткілікті. Еңбекақыны көтеру, бюджеттік әкімшілік, жаңа жұмыс орындарын құру істері күтіп тұр. Бюджет қаржысының тиімді пайдаланылуын бақылауға алу, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру қажет. Жалпы алғанда, аудандағы өмір сапасын арттыру керек», - деп тапсырды СҚО әкімі Ерік Сұлтанов. «Біз атқарушы органдармен, депутаттар корпусымен, барлық қоғамдық ұйымдармен, ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілерімен, кәсіпкерлермен алдымызға қойылған міндеттерді атқару үшін бар күш-жігерімізді саламыз», - деді Ақжар ауданының жаңа әкімі Серікбай Тұралинов. Серiкбай Шәрiпұлы 1954 жылы Көкшетау облысының Володаров ауданындағы Қызыл әскер ауылында туған. Жоғары бiлiмi бар, Целиноград ауыл шаруашылығы институтын ауыл шаруашылығының инженер-механигi мамандығы бойынша аяқтаған. 2013 жылдың маусым айынан осы тағайындауға дейiн облыстық ауыл шаруашылығын басқарды.
20:42, 06 Қараша 2014
Серiкбай Тұралинов Ақжар ауданының әкiмi болып тағайындалды - СҚО
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстiк Қазақстан облысының Ақжар ауданының әкiмi болып Серiкбай Тұралинов тағайындалды, деп хабарлайды СҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен.