Сеутадағы жағдай Еуропаның көші-қон саясатын қалай өзгертуі мүмкін? Толығырақ Kazinform сарапшысы Сұлтан Әкімбековтің материалында.
Көші-қон мәселесі Еуропаның саяси күн тәртібіне қайта шықты
30 шілдеде Мароккомен шектесетін Испанияның Сеута эксклавына 50 мыңға жуық адам жаппай өткен еді. Солтүстік Африкада орналасқан Сеута британдық Гибралтарға қарама-қарсы орналасқан. Бұл – 80 мыңға жуық тұрғыны бар Сеута халқының жартысынан астамы. Бір тәуліктен кейін олардың басым бөлігі Мароккоға қайта оралды. Соның өзінде бұл жағдай Испания мен Марокконың қарым-қатынасына ғана емес, тұтас Еуропаға әсер етті. Оның салдары қандай болатынын қазір кесіп айту қиын. Сеутадағы жағдай Еуропаның көші-қон саясатын түбегейлі өзгертетін кезеңнің бастауы болуы мүмкін.
Еуропада салыстырмалы түрде жұмсақ көші-қон саясатының салдарынан туындаған мәселелерге қоғамның наразылығы күшейіп келеді. Оның үстіне Еуропаның жаңа мигранттарды қабылдау мүмкіндігі де шектеулі. Бұған дейін көші-қон үдерісі белгілі бір деңгейде бақылауда болып, мигранттар саны біртіндеп артты. Анда-санда түрлі жағдай болғанымен, оның саяси салдары көбіне әсіре оңшыл партияларға қолдаудың артуынан байқалды. Бұл дәстүрлі центристік күштерге қиындық туғызғанымен, саяси жүйе әсіре оңшылдардың күшеюіне әзірге тосқауыл қоя алды.
Алайда ондаған мың адамның Сеутаға бір мезетте өтуі және қала көшелерінде түсірілген видеолар Еуропа қоғамында үлкен резонанс тудырды. Қазіргі ақпараттық кеңістікте мұндай оқиғалардың видео арқылы таралуы қоғамдық пікірге айтарлықтай әсер етеді. Сеутадағы жағдай да Еуропада бақылаусыз көші-қонға қатысты алаңдаушылықты күшейтті. Қысқа уақыт ішінде келген мигранттар саны жергілікті тұрғындар санынан асып түсті. Бұл қоғамның бір бөлігінде көші-қон үдерісі бақылаудан шығып бара жатыр деген пікір қалыптастырды. Нақты жағдай бұдан әлдеқайда күрделі болғанымен, бұл оқиға Еуропада миграцияға қатысты пікірталастың қайта өршуіне себеп болды.
Сондықтан Сеутадағы жағдайды тек шекарадағы оқиға ретінде бағалау жеткіліксіз. Оның салдары бірнеше бағыттан байқалып отыр. Бұл Испания мен Марокко арасындағы қарым-қатынасты шиеленістіріп қана қоймай, Мадридтің көші-қон саясатына қатысты ішкі пікірталасты да күшейтті. Испаниядағы жағдай Еуропаның басқа елдерінде де түрлі реакция туғызып отыр. Сонымен қатар көші-қон мәселесі Еуропадағы әсіре солшыл және әсіре оңшыл күштер арасындағы саяси тартысты қайта ушықтырды.
Испания сынға қалды
30 шілдедегі Сеута дағдарысы Еуропадағы центристік саясаткерлердің көші-қон мәселесіне белсенді араласуына түрткі болды. Өйткені олардың көпшілігі ел ішінде әсіре оңшыл күштермен бәсекелесіп отыр. Мәселен, Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Испания үкіметінің әрекетін қатаң сынға алды. Бұдан кейін Италия Испаниямен арадағы Шенген келісімін уақытша тоқтатып, Испаниядан келетін Еуроодақ азаматы емес адамдарды қосымша тексеруге кірісті.
Римнің мұндай шешіміне Италиядағы ішкі саяси жағдай да ықпал еткен болуы мүмкін. Маусымда Мелони парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу жоспары туралы айтқан еді. Ал оның «Италия бауырлары» партиясының қолдауы біртіндеп төмендеп келеді. Осындай жағдайда Сеутадағы оқиға Мелониге Италияның ішкі саясатындағы ең өзекті мәселелердің бірі – көші-қонға қатысты қатаң ұстанымын көрсетуге мүмкіндік берді.
Еуропаның басқа елдері де көші-қон саясатын қатаңдатуға кірісті.
Көптеген саясаткер Еуропаға бақылаусыз кіруді шектеу және мигранттардың көптеп келуіне ықпал ететін кейбір жеңілдіктерді қайта қарау қажет екенін айтып отыр. Ең алдымен, шекарадан өткен мигранттарға берілетін әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды шектеу мәселесі көтерілді. Сонымен қатар көші-қонды реттеуге қатысты басқа да құқықтық тетіктер де қарауға ұсынылды.
Мәселен, 2026 жылдың қаңтарында Испания елде заңсыз жүрген жарты миллион мигранттың мәртебесін заңдастыру туралы шешім қабылдады. Ол үшін ел аумағында кемінде бес ай тұрғанын растау жеткілікті болды. Кей жағдайда өтініш беру арқылы бір жылға тұруға және жұмыс істеуге рұқсат алу мүмкіндігі қарастырылды. Кейін бұл мерзімді ұзартуға болады.
Марокко тарапы Сеутадағы жағдайға заң талаптарының дұрыс түсіндірілмеуі де себеп болғанын айтып отыр. Бұған 8 шілдеде Испания Жоғарғы соты қабылдаған шешім негіз болған. Оған сәйкес, елге теңіз арқылы келген мигранттарды бірден кері қайтаруға болмайды. Жедел қайтару тәртібі құрлық шекарасынан өткендерге ғана қолданылады. Ал теңіз арқылы келген мигранттардың өтініші жеке қаралып, тиісті құқықтық рәсімдер жүргізілуі керек.
Марокко тарапының пайымдауынша, осы шешімнің мәнін дұрыс түсінбеу мигранттардың Сеутаға жаппай бет алуына себеп болуы мүмкін. Алайда Сеутаның Мароккомен шекарасы құрлық арқылы өтетінін де ескерген жөн.
Испанияның солшыл-либералдық үкіметі қабылдаған шешімдерден кейін көптеген мигрант бұл елді Еуропаға өтудің бір жолы ретінде қарастыра бастады. Сеутадағы дағдарыстан кейін бірқатар Еуропа елінің Испанияны сынға алуына да осы жағдай себеп болды.
Испания премьер-министрі Педро Санчес бұл сынмен келіскен жоқ. Ол 2021 жылы Беларусь шекарасында заңсыз мигранттарға байланысты дағдарыс туындағанда Еуроодақ елдерінің бір-біріне қолдау көрсеткенін еске салды.
Алайда Еуропаның басқа елдері мәселенің себебін Испанияның мигранттар үшін Еуропаға өтетін жолға айналуынан көріп отыр. Олардың пайымдауынша, бұған Мадрид билігінің көші-қон саласында қабылдаған шешімдері ықпал етті. Еуропада әсіре оңшыл күштердің ықпалы артып келе жатқан тұста басқа елдердің де көші-қонға қатысты талаптарды күшейтуі осыдан туындайды.
Сондықтан Сеутадағы жағдай енді тек көші-қон мәселесімен шектелмейді. Ол Еуропадағы саяси күштер арасындағы тартыстың бір бөлігіне айналды. Центристік партиялар әсіре оңшылдарға қолдауды жоғалтпау үшін әсіре солшылдардың көші-қонға қатысты ұсыныстарына қарсы шығып, өз ұстанымын көрсетуге мәжбүр. Ал әсіре оңшылдар Сеутадағы оқиғаны өздерінің көші-қон жөніндегі бұрыннан айтып жүрген уәждерін күшейту және алдағы сайлауларда қолдау жинау үшін пайдалана алады.
Дағдарыс кімге тиімді болуы мүмкін
Сеутадағы оқиғадан кейін оның артында кім тұруы және мұндай жағдай кімге тиімді болуы мүмкін деген түрлі болжамдар да айтыла бастады. Ондаған мың адамның бір мезетте шекараға бет алуы алдын ала ұйымдастыруды қажет етеді деген пікір бар. Осыған байланысты ондаған мың адамның бір мезетте шекараға қарай бет алуы кездейсоқ болды ма және мұндай жағдай кімге тиімді болуы мүмкін деген сұрақтар туындап отыр.
Бұл болжамдардың бір бөлігі Испания, Алжир және Марокко арасындағы тарихи қайшылықтармен байланысты. Үш елдің қарым-қатынасында әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер бар. Соның бірі – 1976 жылға дейін Испанияның отары болған Батыс Сахара мәселесі. Испания кеткеннен кейін аумақтың басым бөлігін Марокко бақылауына алды, алайда Мадрид мұны мойындамады. Ал Алжир Батыс Сахараның тәуелсіздігін жақтайтын Полисарио майданын ұзақ жылдар бойы қолдап келеді.
Бұдан бөлек, 2021 жылға дейін Алжир газы Испанияға Марокко аумағы арқылы өтетін құбырмен жеткізіліп келді. Кейін Алжир Испанияға газды тікелей жеткізуге көшті. Дәл сол 2021 жылы Мароккодан Сеутаға мигранттардың алғаш рет жаппай өтуі тіркелген.
2026 жылғы 20 шілдеде Испания премьер-министрі Педро Санчес Алжирге ресми сапармен барып, екі елді байланыстыратын суасты Medgaz газ құбырының өткізу мүмкіндігін 10 пайызға арттыру жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл Парсы шығанағындағы дағдарыс пен Ресейден жеткізілетін газ көлемінің азаюы жағдайында Алжирден Еуропаға экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал Сеутадағы оқиға Санчестің Алжирге сапары аяқталғаннан бірнеше күннен кейін болды.
Бұдан бөлек, Сеутадағы жағдайға қатысты өзге де түрлі конспирологиялық болжамдар тарады. Соның бірі Батыс Сахара мәселесіне байланысты. Дональд Трамптың АҚШ президенті ретіндегі алғашқы мерзімінде Вашингтон Марокконың Батыс Сахараға қатысты талабын мойындаған еді. Бұл шешім Марокко «Авраам келісімдеріне» қосылғаннан кейін қабылданды.
«Авраам келісімдері» Израиль мен араб елдері арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге бағытталған. Марокко оны қолдаған санаулы араб мемлекеттерінің бірі болды. Қазір Трамп бұл бастаманы одан әрі ілгерілетіп келеді. Ал Педро Санчес басқаратын Испанияның солшыл-центристік үкіметі Израильдің Газадағы және Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы саясатын сынға алып жүр.
Сонымен қатар Испания мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас та күрделі кезеңді бастан өткеріп отыр. Испания үкіметі Иранмен соғыс кезінде АҚШ-қа өз аумағындағы әскери базалар мен әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат беруден бас тартқан. Бұған жауап ретінде Трамп осы көктемде америкалық әскерді Испаниядан шығару, сауда шектеулерін енгізу және елдің НАТО-дағы мүшелігіне қатысты мәселе көтеруі мүмкін екенін мәлімдеген.
Әлеуметтік желілерде бұдан да тосын болжамдар айтылды. Олардың бірі Израильдегі солшыл-центристік оппозиция өкілдерінің бірі, генерал Гади Айзенкоттың Мароккодан шыққан отбасына қатысты болды. Кейбір қолданушылар мұны Израиль мен Испания немесе АҚШ пен Испания арасындағы күрделі қарым-қатынаспен байланыстыруға тырысты.
Алайда мұндай болжамға нақты дәлел жоқ. Керісінше, оны Израильдегі алдағы парламент сайлауы қарсаңында Айзенкоттың беделіне нұқсан келтіруге бағытталған ішкі саяси күрестің бір бөлігі ретінде қарастыру қисындырақ.
Сеутадағы жағдайдан кейін не өзгереді
Сеутадағы жағдайға Испания үкіметінің солшыл-либералдық саясаты да әсер еткен болуы мүмкін. Қазір Испания Еуропадағы солшыл-центристік үкіметтердің ішінде осы бағытты барынша белсенді ұстанатын елдердің бірі. Оның кейбір шешімдерінде саяси есептен гөрі идеологиялық ұстаным басым.
Еуропа елдері алдағы уақытта көші-қон саясатын, әсіресе заңсыз миграцияға қатысты талаптарды күшейтуі ықтимал. Осындай өзгерістер қарсаңында заңсыз көші-қонмен айналысатын топтар Испания арқылы Еуропаға адам өткізуге әрекет жасаған болуы мүмкін. Марокко полициясы да Сеутадағы жағдайға адамдарды Еуропаға заңсыз тасымалдаумен айналысатын қылмыстық топтардың қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Сеутадағы дағдарыстың салдары мұнымен шектелмеуі мүмкін. Еуропада көші-қон талаптары күшейген сайын әсіре оңшыл күштердің саяси ықпалы да арта түсуі ықтимал. Мәселен, келесі жылы Францияда президент сайлауы өтеді. Әсіре оңшылдардың көшбасшысы Марин Ле Пен сайлауда жеңіске жетуді көздеп отыр.
Сонымен бірге Еуропа босқындарды қабылдау шарттарын да өзгерте бастауы мүмкін. Бұл бағыттағы алғашқы қадамдар қазірдің өзінде жасалып жатыр. Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың қысқаруы екіталай болғанымен, дәл осы қолдау түрлері Еуропаны мигранттар үшін тартымды ететін негізгі себептердің бірі саналады.
Жалпы, Еуропада миграцияға қатысты шектеулер көбейе түсуі мүмкін. АҚШ-та да көші-қон талаптары күшейіп жатқанын ескерсек, жұмыс пен әлеуметтік қолдау іздеген мигранттар үшін баратын бағыттар азаяды. Мұның бәрі әлемдегі саяси және экономикалық тұрақсыздықпен қатар көші-қон саясатында да үлкен өзгерістер басталғанын аңғартады.