Шағын және орта бизнеске ақпарат беру мәселесімен бұған дейін ешкім арнайы айналыспаған - Ғабит Леспеков

АЛМАТЫ. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Шағын және орта бизнесте бұған дейін өз өнімін өткізу ең көкейкесті мәселе болып келген еді. Енді оларды бұл тығырықтан шығарудың бір жолы табылды.

Оны бүгін Алматыда «Тендерде жеңіске жет» деп аталатын пилоттық  оқу-консалтингтік жобаны таныстыру кезінде  «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен  БТА банкінің басшылары мәлімдеді. 

«Еліміздегі мемлекеттік сектор мен ұлттық компаниялардың сатып алу нарығының көлемі 5,5 триллион теңгеден астам. Бұл шағын және орта бизнесті дамытуға өз ықпалын тигізе алады. Пилоттық жоба - шағын және орта бизнесті дамытудың бір жолы. Біз енді шағын және орта бизнес өкілдеріне   көмек берумен ғана шектелмей, өндіріске қажетті тауар мен қызмет түрлерін сатып алу тендерлерінде қалай жеңіске жетуге болатынын және оның әдістемелерін үйретеміз», - дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту  қоры» АҚ-ның Басқарушы директоры - Басқарма мүшесі Ғабит Лесбеков. Оның айтуынша, шағын және орта бизнес өкілдері үшін қажетті ақпаратты іздеп табу  өте қиын мәселе болып келді. Сондай-ақ онымен бұған дейін ешкім арнайы айналысқан жоқ. Сондықтан тендерге қалай қатысу керек, қандай  құжаттар топтамасын жинау қажет және онда қалай жеңіске жетуге болатынынан шағын және орта  бизнес өкілдерінің мағлұматы  көп жағдайда жеткіліксіз болып келді. Енді осы олқылықтың орны толтырылмақ. Бұл істе «Даму» қоры жүзеге асырып жатқан барлық мемлекеттік  бағдарламалардың белсенді қатысушысы болып таблатын БТА банкі бастамашы болып отыр.

Ғ. Лесбеков: «Бұл жоба Қазақстанның барлық аумақтарында жүзеге асырылатын болады. Оның аясында 23-25 сәуір күндері Қарағандыда алғашқы білім беру семинары өткізілді. Енді 25-28 күндері Алматы, Ақтөбе және Павлодар қаласында болады. Онда кәсіпкерлер  тендерге қатысуға байланысты барлық әдістемелермен, ақпарат құралдарымен танысады. Сондай-ақ қатысушлыар 2 апта бойы  семинарды өткізген кеңесшілерден елде болып жатқан тендерлер бойынша өз салаларына қатысты қосымша ақпараттар алып тұрады. Бұл жобаны жүзеге асырушылар үшін де тиімді», - дегенді айтты. Оның пайымдауынша, онда «Даму» қоры шағын және орта бизнесті дамытудағы түрлі әдістерді қолдануға, ал БТА банкі өз клиенттер базасын және мемлекеттік бағдарламаларға қатысушы шағын және орта бизнес өкілдерінің санын ұлғайтуға мүмкіндік алады. Сондықтан бұл жоба алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, оны өзге банктер де қолдауы мүмкін.