12:07, 27 Наурыз 2009
Шағын және орта бизнесті несиелеу мәселесі талқыланды
ӨСКЕМЕН. Наурыздың 27-сі. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Вита Викторова/ - Шығыс Қазақстанда 2008 жыл мен ағымдағы жылдың басындағы жағдай бойынша, жалпы несиелік қаражат ауқымындағы шағын және орта бизнесті несиелеудің үлесі 35 пайызды шамалап отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Негізінен көтерме және бөлшек саудамен айналысатын кәсіпорындардың жобалары несиелендірілуде, бұрындары берілген несиелер қайта қаржыландырылуда. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Әбденов шағын және орта бизнес субъектілерін несиелеуге мемлекет бөліп отырған қаражаттың игерілу мәселесіне арналған кеңесте хабарлады. Дейтұрғанмен, мемлекет дағдарыстан кейінгі экономикалық өсуді қамтамасыз етудің бірден-бір жолы - шағын және орта бизнесті белсенді дамыту деп танып отыр. Экономиканың осы бір саласын несие арқылы қолдауға Қазақстан Республикасында барлығы 117 миллиард теңге бөлініп отырғаны баршаға мәлім. Бұл қаражат «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы екінші деңгейлі банктерге жайғастырылған. Облыстық әкімдікте өткен кеңесте шағын және орта бизнес субъектілерін несиелеудің түйінді мәселелерін талқылау жөніндегі жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды, осындай несиелеудің мүмкіндіктері мен тетіктерін түсіндіру мақсатында халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жандандыру туралы келісімге қол жеткізілді.