18:44, 14 Сәуір 2009
Шағын және орта кәсіпкерлікті қайта қаржыландырудың деңгейі қуантады ? «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының» Басқарма төрағасы
АЛМАТЫ. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Шағын және орта кәсіпкерлікті қайта қаржыландырудың үлесі өткен аптаның соңында 64 пайызды құрады.
Бұл жайлы бүгін Алматыда Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметовтің төрағалығымен болған шағын және орта бизнесті дамыту мен екінші деңгейлі банк өкілдерінің есебін тыңдауға арналған алқалы жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Қайта қаржыландырылған жобалардың 36 пайызы жаңа. Бұл бізді қуантады. Өйткені белгіленген мерзімнің алғашқы кезеңінде қайта қаржыландыруға көбірек көңіл бөлінеді деп күткенбіз. Алайда қайта қаржыландырылғандарға қарағанда, жаңа жобалар көбірек болып отыр. Бұл банктердің жалпы алғанда ұтқырлық таныта бастағанын аңғартады. Сондай-ақ үкімет тарапынан қайта қаржыландыру үрдісін жеңілдету мақсатында қабылданған шаралар да өз ықпалын тигізуде», - дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Басқарма төрағасы Болат Мұқышев. Оның айтуынша, тек «Нұрбанктің» әлі бірде-бір жаңа жобаны қаржыландырмауы біраз алаңдаушылық тудырып отыр. Қаржыландырылған жобалардың арасында өнеркәсіп саласының үлесі - 15 пайыз. Қазіргі таңда екінші деңгейлі банктердің тең жартысы барлық саладағы жобаларды қаржыландыруға қатысуда. Әр салаға жеке-жеке тоқталатын болсақ, олардың бесеуі - құрылыс, төртеуі - көлік, үшеуі ауыл шаруашылығын қаржыландыруға осы уақытқа дейін атсалыспай отыр. Сондай-ақ «Альянс банк» пен «Қазкоммерцбанк» 2 салада жобаларды қаржыландыруға әлі қатыспаған.