Байқауға күштік құрылымдар, әскери институттар, жоғары оқу орындары, инженерлік мектептер, технопарктер мен отандық кәсіпорындардың атынан 17 командадан 400-ге жуық қатысушы жиналды. Олар ұшқышсыз жүйелерді басқару, робототехника, киберқауіпсіздік және әскери-тактикалық дайындық бағыттарында өзара сынға түседі.
Чемпионаттың ерекшелігі — жарыста инженерлік әзірлемелердің міндеттерді орындауға қаншалықты дайын екені сыналады. Қатысушылардың алдында ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды пайдалану, роботтардың көмегімен түрлі тапсырмаларды орындау, кибершабуылдарға төтеп беру, сондай-ақ физикалық және тактикалық сынақтардан өту міндеті тұр.
Сайыс төрт негізгі бағытқа бөлінген. Олар — «Әуе жүйелері», «Жерүсті жүйелері», «Киберқауіпсіздік» және «Тактика».
Қорғаныс министрлігінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, чемпионаттың негізгі мақсаты — инженерлердің әзірлемелерін әскери саладағы міндеттермен ұштастыру.
— Shaiqas чемпионатының басты мақсаты — отандық инженерлер мен робототехника және ұшқышсыз басқарылатын жүйелер саласындағы мамандарды бір алаңға біріктіріп, олардың әзірлемелерін Қарулы күштерде іс жүзінде қолдану. Чемпионат перспективалы мамандарды анықтауға, олардың жобаларын қолдауға мүмкіндік береді, — деді Дархан Ахмедиев.
Дронды басқару үшін де дайындық қажет
Полигондағы ең көзге түсетін бағыттардың бірі — әуе жүйелері. Мұнда қатысушылар FPV дрондарды басқарып, арнайы әзірленген маршруттарды бағындыруы керек.
FPV дрондар әскери инженерлер үшін бірнеше міндетті орындауға мүмкіндік беретін технологиялардың бірі. Оларды жүк жеткізу, аумақты барлау, бейне түсірілім жүргізу сияқты бағыттарда пайдалануға болады, яғни шағын ғана ұшқышсыз құрылғының көмегімен адам үшін қауіпті немесе жетуі қиын аумақта бірқатар тапсырманы орындауға мүмкіндік бар.
Алайда мұндай құрылғыны басқару оңай емес. Оператордан реакция жылдамдығы, кеңістікті бағдарлау және техниканы дәл басқара білу талап етіледі. Сондықтан мамандар нақты ұшуға кіріспес бұрын симуляторларда кемі 50 сағат дайындықтан өтеді. Чемпионат аясында да қатысушылардың кәсіби шеберлігі осындай сынақтар арқылы бағаланады.
Әуе жүйелері кезеңінде екі негізгі FPV миссиясы қарастырылған. Біріншісінде оператор дронды белгіленген маршрут бойынша жүргізіп, кедергілерден өтуі және нысандарды дәл көздеуге тиіс. Екінші тапсырмада дрон арнайы нысанаға бағытталып, оператордың басқару дәлдігі сыналады.
Defence Tech орталығының басшысы Асылбек Мырзахметовтің айтуынша, бұл кезеңде командалардың техникалық дайындығымен қатар операторлардың шеберлігі де маңызды.
— Бұл — әскери инженерлік бағыттағы ұлттық чемпионат. Оған әртүрлі компаниялар, университеттер және күштік құрылымдардың командалары қатысып отыр. Қазір чемпионаттың финалы өтіп жатыр. Әуе кезеңінде FPV операторлары арнайы миссияларды орындайды. Бірінші миссияда FPV Runner арнайы маршруттан өтіп, қызыл шарларды жою керек. Одан кейін FPV Striker шығып, арнайы нысанаға дәл тигізуге тиіс, — деді Асылбек Мырзахметов.
Чемпионат алаңында дрондардың қозғалысын бақылаған қатысушылардың әрбір әрекеті секундпен өлшенеді. Бір сәттік қателік маршруттан ауытқуға немесе тапсырманы қайта орындауға әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл жерде техниканың сапасымен бірге адамның дағдылары шешуші рөл атқарады.
Курсанттар үшін бастысы — командалық жұмыс
Әскери инженерлік мамандықта оқып жатқан курсанттар үшін мұндай чемпионат оқу барысында алған білімін тәжірибеде сынауға мүмкіндік береді. Себебі жарыс жағдайында техниканы дайындаудан бастап, оны басқаруға және тапсырманы соңына дейін орындауға дейінгі барлық кезең бір командаға жүктеледі.
Әскери-инженерлік институттың 2-курс курсанты Арыслан Орынбаев үшін жарыс ең алдымен командалық тәжірибе мектебіне айналған.
— Бұл жарысқа институттың намысын қорғау үшін келдік. Дронды жинап, құрастыруды институттағы ұстаздарымыздан үйрендік. Жарыста аса қиындық болған жоқ, тек қарсыластармен бәсекелестік сезіледі. Осы жерде командамен бірлесе жұмыс істеуді, икемді болуды үйрендік. Әзірге жарыста көш бастап тұрмыз, бірақ кім жеңетіні шешуші кезеңде анық болады, — деді Арыслан Орынбаев.
Роботтар адамға қауіпті жерлерге барады
Чемпионаттың келесі бағыты — жерүсті жүйелері. Бұл кезеңде қатысушылар робототехникалық құрылғылардың көмегімен бірқатар тапсырманы орындайды.
Мұнда роботтар қауіпті аумақтарға жіберіліп, белгіленген нүктелерге жүк жеткізуі, мина макеттерін орналастыруы немесе жараланған адамға медициналық көмек көрсетуге арналған заттарды жеткізуі тиіс.
Мұндай технологиялардың әскери саладағы маңызы зор. Себебі робот белгілі бір тапсырманы адамның орнына орындап, әскери қызметшінің қауіпсіздігін арттырады. Әсіресе мина қойылған немесе барлау жүргізу қажет аумақтарда қашықтан басқарылатын техниканы пайдалану адамның өміріне төнетін қауіпті азайтады.
Қорғаныс министрлігінің өкілі атап өткендей, чемпионаттағы тапсырмалар әскерде қолданылатын технологияларды жетілдіруге арналған тәжірибелік алаң қызметін атқарады. Қатысушылардың әзірлемелері тек жарыс үшін емес, болашақта әскери жаттығулар кезінде қолдану мүмкіндігі тұрғысынан да бағаланады.
Осы ретте Shaiqas-2026-ның маңызды ерекшелігі — азаматтық сектор мен әскери құрылымдардың бір алаңда бас қосуы. Бір командада курсанттар болса, екіншісінде университет студенттері немесе отандық кәсіпорын инженерлері бақ сынайды. Бұл өз кезегінде әскери саладағы нақты қажеттіліктер мен азаматтық инженериядағы жаңа шешімдерді тоғыстыруға мүмкіндік береді.
Киберкеңістіктегі шайқас
Чемпионаттың үшінші бағыты — киберқауіпсіздік. Мұнда дәстүрлі әскери техникадан гөрі қатысушылардың цифрлық ортадағы білімі мен жылдамдығы сыналады.
Командалар CTF форматындағы тапсырмаларды орындап, ақпараттық жүйелердегі осал тұстарды анықтауы, түрлі цифрлық нысандарды қорғауы және шартты кибершабуылдарға жауап беруі қажет.
Жарыс бағдарламасына әскери салаға жақындатылған тапсырмалар да енгізілген. Атап айтқанда, қатысушылар роботтар мен дрондарға қатысты жүйелердің қауіпсіздігін тексеріп, шартты түрде оларды бақылауға алу, ақпаратты ұстап қалу немесе жүйедегі осалдықтарды анықтау міндеттерін орындайды.
Бұл бағыттың енгізілуі де кездейсоқ емес. Қазіргі заманда әскери технологиялардың басым бөлігі цифрлық жүйелермен байланысты. Ұшқышсыз аппараттың өзі тек ұшу құрылғысы емес, байланыс, басқару және ақпарат алмасу жүйелерінен тұратын кешен. Сондықтан мұндай техниканың физикалық қауіпсіздігімен қатар цифрлық қорғалу деңгейі де маңызды.
Тактика: инженер үшін физикалық дайындық та маңызды
Төртінші бағыт — тактика. Бұл кезеңде қатысушылар тек технологиямен жұмыс істеп қоймай, физикалық дайындықтарын да көрсетеді.
Арнайы полигонда олар кедергілер жолағынан өтіп, белгіленген қашықтықты еңсеріп, одан кейін атыс дайындығына арналған тапсырмаларды орындайды. Мұнда нысанаға дәлдікпен ату, уақытты тиімді пайдалану және белгіленген алгоритмді сақтау талап етіледі.
Тактикалық кезеңнің соңғы бөлігі медициналық дайындыққа арналған. Қатысушы жарақат алған әріптесіне алғашқы көмек көрсету, қан кетуді тоқтату үшін жгут салу және оны қауіпсіз жерге эвакуациялау тәсілдерін білуі керек.
Чемпионат атауындағы «инженерлік» ұғым тек техникалық мамандықпен шектелмейді. Қатысушылардан робот құрастыру немесе дрон басқарумен қатар, әскери жағдайда қажет болатын физикалық, тактикалық және медициналық дағдылар да талап етіледі.
Shaiqas-2026 чемпионатының нәтижесі тек жүлдегерлерді анықтаумен шектелмейді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің әзірлемелері мен тәжірибесін Қарулы күштердің оқу-жаттығуларына енгізу жоспарланып отыр.
Атап айтқанда чемпионаттың үздіктері қыркүйек айында елдің оңтүстігінде өтетін «Батыл Тойтарыс-2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына тартылмақ.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл — азаматтық инженерлер мен әскери құрылымдардың өзара іс-қимылын күшейтуге бағытталған маңызды қадам. Чемпионатта көрсетілген технологиялар полигондағы жарыс шеңберінен шығып, әскери оқу-жаттығуларда сынақтан өтеді.
— Бұл технологиялардың барлығы Қарулы күштерде белсенді қолданылып жатыр. Мұнда Қарулы күштер мен инженерлердің белгілі бір бірлескен жұмысы қалыптасып отыр. Қыркүйекте еліміздің оңтүстігінде «Батыл Тойтарыс» ірі оқу-жаттығуын өткізу жоспарланған. Онда жаңа элементтер мен инновациялар қолданылады. Бүгінгі чемпионаттың үздіктері сол жерде біздің офицерлермен бірге өз шешімдерін көрсетіп, оқу-жаттығу аясында көзделген іс-қимылдарды бірлесіп орындайды, — деді Дархан Ахмедиев.
Министрлік өкілі мұндай чемпионаттарды алдағы жылдары кеңейтуді де жоспарлап отырғанын айтты. Келесі кезеңдерде робототехниканың жаңа бағыттарын, соның ішінде гуманоид роботтарға қатысты технологияларды енгізу мүмкіндігі қарастырылмақ.
Чемпионаттың жалпы жүлде қоры — 20 млн теңге. Бірінші орын иегеріне 10 млн, екінші орынға 5 млн, үшінші орынға 3 млн теңге беріледі. Сонымен қатар екі қатысушыға 1 млн теңгеден арнайы сертификат табысталады.
Ал алғашқы ұлттық әскери-инженерлік Shaiqas-2026 чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі 15 тамызда өтеді.
Айта кетейік, бүгін Қорғаныс министрлігі жауынгерлік даярлық маманы күнін атап өткенін жазған едік.