ОРАЛ. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО-ның Жәнібек ауданы орталығында бір пәтерлік үш үй және үш пәтерлік бір үй пайдалануға берілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аудан әкімі Рысбай Өтешевтің айтуынша, мұндай үйлер жоғары оқу орнын бітіріп келген дәрігерлерге, басқа да мамандық иелеріне берілетін болады. Оларға пәтер кілтіне қоса 200 мың теңге көтерме ақы да тапсырылады.
Жаңа үйлердің біріне Ақтөбе медицина академиясының 2007 жылғы түлектері Дәулетияр мен Асылзат Сәрсенғалиевтер орналасты. Жас отбасыға аудандық аурухана ұжымы асүй жиһазын сыйға тартты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).