Айгүл Мұрталимованың айтуынша, қоршаған ортаның жағдайы адам денсаулығына әсер етеді. Барлық әсер етуші зиянды факторлар жиынтығының орта есеппен 25-30% құрайды.
«ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің СҚО бойынша Ұлттық сараптама орталығының филиалы тұрақты негізде облыс аудандарының және Петропавлдың атмосфералық ауасына мониторинг жүргізеді. Тексеріс барысында кәсіпорындар шығаратын 19 зиянды затты, оның ішінде қауіптілігі І-ІІ класқа жататын 4 ингредиентті анықтау үшін ауа сынамалары алынады.
Облыс аумағында ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар жоқ, сондықтан атмосфералық ауа салыстырмалы түрде таза. Өңірде атмосфералық ауа негізінен ЖЭО-2 шығарындылары және автомобиль түтіні арқылы ластануы мүмкін», - дейді Айгүл Мұрталимова.
Биылғы жарты жылда СҚО-да 7,6 мың сынама алынып, зерттелді, соның тек жетеуі талапқа сай болмай шықты. Қауіптілігі II - IV санатқа жататын көміртегі оксиді мен фенол Петропавлда шекті рұқсат етілген нормадан асып кеткен.
«Атмосфералық ауаның ластануы бүгінгі күннің ең маңызды мәселелерінің бірі болып отыр. Ауаны ластайтын заттар адамның денсаулығына әртүрлі әсер ете отырып, көптеген ауруларды тудырады. Мысалы, дизель қозғалтқышының сұйытылған газы бар ауамен қысқа уақытқа дем алу жүректің ишемиялық ауруын тудыруы мүмкін. Тыныс алу жүйесі ауруларының шамамен 20% және қанайналым жүйесі ауруларының 10% атмосфераның ластануымен байланысты. Автомобиль түтінімен, сондай-ақ көмір жағатын кәсіпорындардың шығарындыларымен ауаға ұсақ лас бөлшектер таралып, бұл адамның қан ұйығыштығын жоғарылатады және қанайналым жүйесінде тромбтардың пайда болуына әкеледі», - дейді санитариялық дәрігер.
Маманның айтуынша, қалаларда көліктің артуы ластаушы заттар шығарындыларының тұрақты өсуіне әкеліп, үлкен проблемаға айналған. Экологияны қорғау жөніндегі шаралардың даму қарқыны қалаларда автокөлік пен өнеркәсіптің даму қарқынынан артта қалып отыр. Атмосфералық ауаны ластаушы заттардың арасында көміртегі тотығы немесе улы газ бірінші орында тұр, ол ауаға тарайтын зиянды заттардың жалпы көлемінің шамамен 30% алады екен.
«Адам ағзасына тау жыныстарының, топырақтың шаңымен, күлдің ұсақ бөлшектерімен қаныққан ауа тікелей әсер етіп, зиян келтіреді. Жыл сайын Жер атмосферасына жалпы мөлшері 2 млрд тоннаға жуық шаң түседі, соның ішінде антропогендік аэрозольдер 10-20% ғана құрайды. Шаңды ауаны ұзақ уақыт жұтқан адамдар мен үй жануарларында шаңды пневмония деп аталатын ауру дамиды.
Жанама зиянды әсерге қалалардағы ауаның шаңдануы жатады. Салдарынан ультракүлгін сәулелердің түсуі айтарлықтай төмендейді. Бұл қаланың ауасында сырқат тудыратын бактериялардың көбеюіне әкеледі. Шаңды ауада су конденсациясы ядроларының саны күрт артады. Ірі қалаларда тұманды және бұлтты күндердің көп болу себебі осы», - дейді Айгүл Мұрталимова.
Көміртегі тотығының рұқсат етілген концентрациядан асуы қан тамырларының қабырғаларында липидтердің жиналуына әсер етеді, салдарынан қанның өтуін нашарлатып, адам ағзасындағы физиологиялық өзгерістерге әкеледі. Оған көміртегі тотығының гемоглобинмен оңай қосылатын қасиеті бар ерекше агрессивті газ себеп.
«Қосылыс кезінде карбоксигемоглобин түзіледі, салдарынан адамның көру қабілеті нашарлайды, уақыт аралығының ұзақтығын бағалау қабілетінен айырылады, мидың кейбір психомоторлық функциялары бұзылып, жүрек пен өкпе қызметінің өзгеруіне, бас ауруына, ұйқышылдыққа, құрысулар мен тыныс алудың бұзылуына әкеледі.
Денсаулыққа әсер ететін жағымсыз факторлардан, қалалық, ластанған атмосфералық ауадан, соның ішінде автомобиль көлігінен шығатын иістен демалып, сақтану үшін табиғатта, орманда, суқоймалары жанында, таза ауада жиі серуендеу керек», - дейді Айгүл Мұрталимова.