«Актеп» шаруашылығындағы 253 бас малдың улану дерегі еліміздегі шаруалардың қателігін анықтап берді. Себебі, жайылым зерттелмейді, малға берілетін шөп зертханалық тексеруден өтпейді.
«Бұл шаруашылықтың қатесі. Негізі малға шөп бермес бұрын оның құрамын білу керек. Осы оқиғадан соң еліміздегі шаруалардың қателігі анықталып, оны жою үшін маман дайындауға кеңес беріп отырмыз. Яғни, бір маман шөп бермес бұрын мал азығын бақылап, тексеруге тиіс. Шаруашылық азықты өзі дайындағаны дұрыс. Бұл жерде жеке адамдар әзірлейді. Олар ақша алу үшін шөп тапсырады, ал шаруашылық барлығын тексермей қабылдай берген»,- деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Арман Өтеғұлов.
Талап бойынша мал азығы алдымен зертханалық тексеруден өтіп, кейін ғана азық ретінде берілуі керек. Сонымен қатар, ірі қара да тексеріліп, салмақ жинап, төлдеуі үшін қандай шөптің пайдалы екені анықталуы тиіс.
«Шетелден әкелінген мал кез келген уақытта кез келген шөптен улануы мүмкін. Ол жақта мұндай шөп жоқ. Сонымен қатар, елімізде жайылым жер зерттелмейді. Улы шөптерді анықтау үшін жайылымды да назарда ұстау керек. Есікмияның бірер дәні малдың ғана емес, адамның өмірін қияды. Мәселен, ұн дайындағанда құрамынан 2-3 мг табылса, ұн жойылады. Малға да бермейді. Жағдайды бақылап, қолға алмасақ улы шөптен қырылу болған, бола береді. Себебі, шаруалар жайылымға көңіл бөлмейді. Олар мамандарды шақырып, жайылымды тексертіп алуға шығындалмайды. Жайылымды 4 жыл сайын тексерсе де жеткілікті. Негізі кешегі уланған малдың еті қауіпті емес. Шаруашылық асығыс шешім қабылдады. Тіпті, мал азығына жіберуге, қайта өңдеуге болатын еді»,- деді Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-инновация орталығының директоры Әлжан Шамшадин.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, шөптен уланған тағы 250 бас ірі қара кофеиннің арқасында аман қалған. Қазір шаруашылықтағы жағдай тұрақты.