Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы бірінші дивизионға түсіп қалды

АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Шайбалы хоккейден Германияда өтіп жатқан әлем чемпионатында қатарынан алты матчта жеңіліп қалған Қазақстан құрамасы жоғары дивизионнан бірінші дивизионға түсіп қалды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Біздің команданың жоғары дивизиондағы тағдыры кеше Франция құрамасымен болған соңғы матчта шешілді. Бұл ойында 5:3 есебімен француздар жеңіске жетті. Сөйтіп, біздің хоккейшілеріміз Италия құрамасымен бірге жоғары дивизионда өнер көрсету құқығынан айырылып қалды. Жоғары дивизионда қалуға құқық беретін екі жолдамаға АҚШ және Франция құрамалары ие болды.

Айта кетейік, Германиядағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Ресей, Словакия және Беларус командаларымен бірге «А» тобында сынға түсті. Жерлестеріміз бұлардың барлығына жеңіліп қалды.

Біздің ойыншыларымыз әлемдік біріншіліктің топ-дивизионында қалу құқығы үшін күрестегі алғашқы кездесуін мамырдың 14-де АҚШ құрамасымен өткізіп, 0:10 есебімен ұтылып қалды, ал мамырдың 16-да Италиядан 1:2 есебімен жеңілді. Соңғы матчта кеше Францияға есе жіберді.