Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Хоккей одағының бас директоры Юрий Зверев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ю.Зверевтің айтуынша, өткен чемпионаттарда орын алған қате-кемшіліктер ескеріліп, Қазақстан чемпионатының 2009-2010 жылдарғы маусымының күнтізбесі алдын ала жасалды және оған ойындар барысында кішігірім болмаса, айтарлықтай өзгерістер енгізілмейтін болады. Ойындардың кестесін ҚХО-ның www.icehockey.kz дербес сайтынан және таяуда алғаш басылып шыққан «Хоккей» журналынан көруге болады.
Ю.Зверев бұдан былай жылына бір рет шығатын журналда қазақстандық хоккейге қатысты статистикалық , сараптамалар мен сұхбаттар, жанкүйерлерге арналған қызықты әрі маңызды ақпараттар жарияланып тұратынын жеткізді.
Чемпионат қыркүйектің 25-і күні Рудный қаласында «Горняк» (Рудный) пен «Бейбарыс» (Атырау) командаларының ойындарымен басталады. Осы күні сондай-ақ «Ертіс-Павлодар» (Павлодар) - «Сарыарқа» (Қарағанды) және «Қазцинк-Торпедо»-2 (Өскемен) - «Қазақмыс» (Сәтпаев) командалары кездесетін болады.
Чемпионаттың 2009-2010 жылдарғы маусымына барлығы сегіз клуб - «Қазақмыс» (Сәтпаев), «Сарыарқа» (Қарағанды), «Горняк» (Рудный), «Ертіс-Павлодар» (Павлодар), «Барыс-2» (Астана), «Қазцинк-Торпедо-2» (Өскемен), «Арлан» (Көкшетау) және «Бейбарыс» (Атырау) қатысады.
Чемпионат барлығы екі кезеңнен өткізіледі. Біріншісі - 2009 жылғы қыркүйектің 25-інде басталып, 2010 жылғы наурыздың 23-інде аяқталады. Екінші кезеңі 2010 жылғы наурыздың 28-інде қайта басталып, осы жылғы сәуірдің 17-сінде тәмамдалады.