Бюджеттік инвестициялардың атқарылуы туралы есепке сүйенсек, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын даму бағдарламалары мен инвестициялық жобаларға 37,8 млрд теңге қарастырылған. Соның ішінде есепті кезеңде төленген қаражат көлемі 2,03 млрд теңге ғана болған. Атқарылу деңгейі – 36,4 пайыз.
Оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасындағы өткізу бекеттерін жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру жобасы кешеуілдеп жатыр. Бұл мақсатқа 2026 жылы 28,4 млрд теңге бөлінген. Басқаша айтқанда, барлық инвестициялық бағдарламалардың шамамен төрттен үш бөлігі осы бағытқа тиесілі.
Жоба Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін күшейтуге бағытталған. Оның аясында өткізу бекеттерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, бақылау рәсімдері цифрландырылып, Мемлекеттік кірістер комитетінің инфрақұрылымы жетілдірілуге тиіс.
Алайда Қаржымин құжаты жобаның орындалу қарқыны әзірге жоспардан кейін қалып отырғанын көрсетеді. Есепті кезеңге арналған төлем жоспары 5,47 млрд теңге болғанымен, нақты төленген қаражат 1,93 млрд теңге болған. Соның салдарынан атқарылу деңгейі небәрі 35,3 пайыз болып отыр.
Бұл мемлекет қаржы бөліп қойған жобалар күткен қарқынмен жүріп жатқан жоқ деген сөз. Әдетте мұндай жағдай жобалау жұмыстарының кешігуімен, мердігерлерді анықтау рәсімдерімен, құрылыс-монтаж жұмыстарының мерзімімен немесе келісімшарттық рәсімдермен байланысты болуы мүмкін. Құжатта нақты себептер көрсетілмеген. Алайда қаржы игеру динамикасы жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін жылдың екінші жартысында қарқын едәуір күшеюі қажет болатыны айқын.
Өткізу бекеттерін жаңғырту жобасының негізгі бөлігі сыртқы қарыз көздері арқылы қаржыландырылады. Бұл бағытқа 28,07 млрд теңге қарастырылған. Алайда мұнда да атқарылу деңгейі 35,3 пайыз шамасында қалып отыр.
Инвестициялық жобалардың қарқыны баяу болғанына қарамастан, мемлекет өзінің жоспардағы міндеттемелерін уақытында орындап отыр. 1 маусымдағы жағдай бойынша үкіметтік борышқа қызмет көрсету (пайыз төлеу, купондық төлемдер, комиссиялар, қарызға байланысты өзге шығындар) бойынша төлемдер толық көлемде орындалған. Бұл бағытқа 3,47 трлн теңгеден астам қаржы қарастырылған және жоспарланған төлемдер 100 пайыз орындалған. Ал үкіметтік борышты өтеуге (негізгі қарыз сомасын қайтару) 4,12 трлн теңгеден астам қаржы бағытталған.
Өңірлерге берілетін субвенциялар да бюджет шығыстарының ең ірі баптарының бірі болып қалып отыр. 2026 жылы бұл мақсатқа 5,17 трлн теңгеден астам қаржы көзделген. Мемлекет бұл төлемді де 100 пайыз орындаған.
Құжаттардан Президент бастамаларын қаржыландыруға арналған резервке 184,2 млрд теңге мен Үкімет резервінің бірқатар бағыттары бойынша да қаражат игеру басталмағанын көреміз. Олардың қатарында төтенше жағдайларға арналған резервтер мен өзге де арнайы қорлар бар.
Қазақстан халықаралық қаржы ұйымдарындағы қатысуын жалғастырып келеді. Халықаралық қаржы ұйымдарының акцияларын сатып алуға арналған бағдарлама бойынша қаржының игерілу деңгейі 100 пайыз болған. Бұл мемлекеттің халықаралық қаржы институттарындағы үлесін сақтап қалуға мүдделі екенін аңғартады.
Сонымен, мемлекеттік инвестициялық саясаттағы басты басымдықтардың бірі – шекара инфрақұрылымын жаңғырту. Биыл осы мақсатқа 28,4 млрд теңге бөлінген. Әңгіме Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасындағы өткізу бекеттерін және Мемлекеттік кірістер комитетінің Бас диспетчерлік басқармасын жаңғырту мен техникалық жарақтандыру туралы болып отыр. Қаржы министрлігінің 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, 2024 жылы ЕАЭО кедендік шекарасындағы төрт автокөлік өткізу бекеті пайдалануға берілген. 2025 жылы тағы бес бекетті жаңғырту қолға алынған. Жоба Қытайдың жеңілдетілген несиесі мен республикалық бюджет есебінен қаржыландырылып отыр. 2025 жылы оған 35,2 млрд теңге, биыл 28,4 млрд теңге қарастырылған.
Айта кету керек, маусым ортасына қарай Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Қосақ» (Павлодар облысы) өткізу пунктінде жүк көліктерінің кептелісі тіркелген.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше жағдай жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін тасымалдаудың маусымдық артуына байланысты туындап отыр.
- Павлодар облысында «Шарбақты» және «Үрлітөбе» халықаралық өткізу пунктері де жұмыс істейтінін еске саламыз. Солтүстік Қазақстан облысында «Жаңа Жол», «Қарақоға» және «Қызыл Жар» өткізу пункттері жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, шекарадан өту уақыты мен орнын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік беретін электрондық кезек жүйесі жұмыс істейді. Бұл өткізу пунктіне түсетін жүктемені азайтуға септігін тигізеді және тасымалдаушылар үшін процестің алдын ала болжамды болуын қамтамасыз етеді, - делінген хабарламада.
Көлік министрлігі 55 млн тоннаға дейін ұлғайтуды мақсат eтіп отыр. Ол үшін транзиттік дәліздерді дамыту, көлік инфрақұрылымын жаңғырту және Қазақстанның Еуразиядағы жетекші транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайту үшін стратегиялық маңызы бар жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын жандандыру жоспарланған.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметіне сүйенсек, биыл шекарадан 300 тоннадан астам жанармай заңсыз өткізілмек болған. Нақтырақ айтсақ, 2026 жылдың басынан бері өткізу бекеттерінде жанар-жағармай материалдарын заңсыз алып өтудің 2400-ден астам фактісі анықталған.