Шекарада соққыға жығылған шекарашы Шымкент қаласының жедел қызмет көрсету ауруханасында жатыр - ОҚО

ШЫМКЕНТ. 25 маусым. ҚазАқпарат - Белгісіз адамдар шабуыл жасаған шекарашы Шымкент қаласының аураханасында жатыр.

«Зардап шеккен офицер Шымкент қаласының жедел көмек көрсету ауруханасында жатыр. Оған қажетті медициналық көмек көрсетілді, жағдайы қалыпты», - деп хабарлады ҚР ҰҚК Шекара қызметі өңірлік «Оңтүстік» басқармасының баспасөз хатшысы Пернебек Біләлбеков.

Естеріңізге сала кетейік, белгісіз бес адам Сарыағаш шекара  жасағы «Ынтымақ» шекара бекетінің лейтенантына шабуыл жасады.

Белгісіз бес адам офицердің қасына көлікпен келіп, оған шабуыл жасап, соққыға жықты, тапаншамен қорқытып, көлікке күштеп отырғызғысы келді.

Шабуылды тоқтату және өз өмірі мен денсаулығын сақтап қалу мақсатында офицер қару қолданды: аспанға және көлік дөңгелектеріне ескерту оқ атты. Көлікті тастай қашқан шабуылшылар оқиға орнынан іздерін жасырды. Тексеру кезінде көліктен шолақ мылтық табылды.

Қаруды қолдану кезінде кездейсоқ өтіп бара жатқан бір адам зардап шекті - жергілікті тұрғынға оқ тиіп, ол ауруханада көз жұмды.