***
«Егемен Қазақстан» газетінде «Қарағандыдағы қауышу» атты мақала жарияланды. Ақтаудан бастау алып, бірнеше күннен бері еліміздің өңірлерін аралап, жер-жердегі жастармен кездесіп, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа табыстарын замандастарына жеткізіп, сыйластық пен татулықта еселі еңбек етіп жатқан сан ұлт баласының ынтымағын жаңғыртқан « Менің елім - Мәңгілік Ел: Каспийден Алтайға дейін» этнографиялық экспедициясы кеше Қарағанды топырағына келіп тоқтады. Еліміздің бүкіл аймағын аралап шығатын экспедиция көліктері Қостанайда құрастырылған оңтүстіккореялық SsangYong джиптері екенін айта кеткен жөн. Қазақстандық осынау автомобильдерді жүрген жерлерінде таныстыру, өзіндік артықшылықтарын насихаттау да іс-шара мақсаттарының бірі. Жүргізушілерінің айтуынша, сапасына әзірге еш реніш жоқ. Экспедицияға қатысушылар бүгін Павлодар асып барады.
Осы басылымда «Ақпараттық қауіпсіздік - аса маңызды мәселе» деген мақала оқырман назарына ұсынылып отыр. Бұл жайлы кеше Астанада өткен II халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда да жан-жақты талқыланды. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесін әңгімеге арқау еткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция «Ақпараттық қауіпсіздік Қазақстан-2050 Стратегиясы тұрғысында» деп аталды. Оған дүниежүзінің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда, әлемнің 12 мемлекетінен 100-ден аса сарапшы мен мемлекеттік қызметкерлер келді. Шара қонақтарының қатарында Канада, АҚШ, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея сынды елдердің өкілдері де бар. Негізінен конференцияда халықаралық жағдаймен қатар Кеден одағы аясындағы ақпараттық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері кеңірек талқыланды.
«Өздеріңіз білетіндей, үш елдің экономикасын Кеден одағы аясына біріктіруге бағытталған шаралар қолға алынуда. Ал келер жылдың қаңтарынан Еуразиялық экономикалық одақ жұмысы іске қосылады. Осы бірлестіктің аясында бірқатар жаңа проблемалардың туындайтындығы сөзсіз. Сондықтан да бүгінгі конференция аясында сандық-электронды қолтаңба, бірыңғай стандарттар, сенім мәселелеріне қатысты мәселелер жиын қатысушыларының егжей-тегжейлі талқысына түсті», деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Ақпараттық қауіпсіздік және технология институтының директоры Ержан Сейітқұлов. Оның атап өтуінше, бүгінгі халықаралық жиын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауының басымдықтары аясындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі өзекті мәселелерді талқылау үшін өткізілуде.
Е.Сейітқұлов сондай-ақ, өз сөзінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде болашақта ақпараттық қауіпсіздік кафедрасы ашылуы мүмкін екендігін мәлімдеді. «Біз өткен жылы ЕҰУ-де ақпараттық қауіпсіздік жүйесі бойынша мамандық аштық. Бір жылдың өзінде-ақ талапкерлердің жартысынан астамын жинап алдық», деді ол. Е.Сейітқұловтың сөзіне қарағанда, университетте ақпараттық қауіпсіздік саласындағы кадрларды даярлау үшін зор ғылыми әлеует бар. Бұдан бөлек еліміздің Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, осы салаға қатысты көптеген жобалар жүзеге асырылуда.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Үкімет таяуда «Өсімдік карантині туралы» қолданыстағы заңды өзгертетін жаңа жоба әзірлеп, Парламентке енгізген. Сондықтан құжаттың тұсаукесеріне Мәжілістің Аграрлық комитетінің барлық мүшелері шақырылды. Солармен қоса, кеңеске палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Темірхан Досмұхамбетов те кірді.
- Мен осы жиынға арнайы келдім, - деп ескертті ол. - Бұл жерде мәселе тым тереңде жатыр. Бір елге соғыс ашып, өлтіруге болады. Бірақ қазіргі соғыстар басқаша сипатта жүреді. Не экономикалық дағдарыс ұйымдастырылады немесе жерін, ондағы бар табиғи байлығын улайды. Біз ата-бабамыздан қалған, ұшқан құстың қанаты талатын, әлемде тоғызыншы орын алатын ұланғайыр жерімізді осыдан сақтап қалуға тиіспіз.
Депутат Елбасымыздың стратегиясына сәйкес, елімізді дамыған мемлекетке айналдыруға кіріскенімізді еске салды. Алайда, көре алмаушы, өркендеуімізді құптамаушы күштер бәсекелестік қабілеттілігімізді төмендету үшін әр тәсілді сынап көреді. «Әсіресе, біз, депутаттар мәселенің түп-төркініне тереңдей үңілмесек, болашағымыздың тамырына балта шабамыз. Бәріміз көрдік, 2011 жылы Медеуде ғасырлық ағаштар жапырылып қалып, Алатау бөктері жалаңаштанды. Ол жерге шетелден «қабықжегіні» (короед) әкеліп таратып жіберген, нәтижесінде, жел соғып еді, барлық ағаш құлап түсті. Бұл қалыптасқан экожүйені бұзғандығын эксперттер айтты. Осылай бара берсе, ертең климатымыз өзгеріп кетеді. Көрмейсіздер ме, істің қайда бара жатқанын?» деді жиналғандарға қайырылған Темірхан Мыңайдарұлы. Осы жайында «Шекарадан зиянкестер өтіп жатыр» деген мақалада толық жазылған.
Осы басылымда «Редакторлар музейді аралады» атты мақала басылды. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі www.astanamuzei.kz атты ресми сайты мен 3D турының тұсауын кесті. Сонымен қатар «Мәдени мұра» журналының жаңа форматын таныстырып, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бұл іс «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі және БАҚ: өзара ықпалдастық жолдары» атты дөңгелек үстел аясында атқарылды. Музей мен БАҚ арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін қарастыра отырып, ондағы мәдени құндылықтарды насихаттаудың тиімді тетіктерін іздеуді және Мәңгілік ел ұлттық идеясын жүзеге асырудағы музейдің рөлін айқындауды мақсат тұтқан жиынға республикалық, халықаралық мерзімді басылымдар мен телеарналардың бас редакторлары мен жетекшілері қатысты.
БАҚ басшыларына Ұлттық музейді директор Дархан Мыңбайдың өзі аралатты. Ол қаламгерлер қауымына тарихи артефактілер мен көне жәдігерлер туралы жан-жақты мағлұмат беріп, музейдегі заманауи технологияның мүмкіндіктерін көрсетті. Журналистерді қазіргі заманның атақты мүсіншілерінің бірі Цадок Бен-Давидтің «Түн ортасының арғы беті» атты көрмесі мен қытай фарфорының экспозициясына да музей басшысы бастап барды. Бұдан кейін ол жиынға қатысушыларға күні бүгінге дейін Ұлттық музейге 100 мыңға жуық адам келгенін баяндады: «Шілде айында музейге 57 271 мың адам келді. Тамыз айы демалыс маусымы болғандықтан, музейге келушілердің саны 18076 адам болды. Қыркүйек айында музей табалдырығын 13136 адам аттады. Ал 1-15 қазан аралығында бізде 6500 адам қонақ болды. Барлығын қосқанда соңғы 4 айда Ұлттық музейге бас сұққандардың саны 94 948 адам болып отыр» деді директор.
***
«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «Казахская пленница» деген мақала берілді. "Нью-Йорк пост" басылымының тілшілері Қазақстанда қалыңдықты ұрлау үрдісі басылған бейнежазбаны алған екен. Екі күннің ішінде Youtube ресурсына «Kazakhstan. Stealing the bride» атты тақырыппен орналастырылған бейнероликті 200 мың адам көріп шыққан. Онда ұрланған қыздың қарсылық танытып, жылап жатқандығын айқын көруге болады. Ал күйеу жігіттің туысқандары сол сәтте қалыңдықты күтіп алуға тыңғылықты дайындалып мәре-сәре болып жатыр. Атам заманнан бері келе жатқан отау құрудың кеңінен таралған бұл түріне қатысты бейнероликті көрген батыстық көрермендер түрлі пікірлер қалдырған екен.