«Шекара қызметінің офицеріне шабуыл жасаған бес азамат қазір Шымкентте. Ұсталғандарға қатысты «билік өкіліне қатысты күш қолдану» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметінен.
Полицияда сондай-ақ Сарыағаш әскери-тергеу соты оқиға кезінде жергілікті тұрғынға оқ атып өлтірген шекарашының ісімен айнылысып жатқандығы атап өтілді.
Естеріңізге сала кетейік, 24 маусым күні белгісіз бес адам Сарыағаш шекара жасағының «Ынтымақ» шекара қосынының лейтенантына шабуыл жасады. Олар көлікпен офицердің жанына барып, тапаншамен қорқытқан. Ұрып-соғып, көліктің ішіне күштеп кіргізбек болды.
Шабуылды тоқтату және өз өмірі мен денсаулығын сақтап қалу мақсатында офицер қаруды қолданды: ол аспанға және көліктің дөңгелектеріне ескерту оқтарын атты. Шабуылшылар көліктерін тастап, оқиға орнынан іздерін суытты. Тексеру кезінде көліктің ішінен шолақ мылтық табылды.
Қаруды қолдану салдарынан кездейсоқ өтіп бара жатқан жергілікті тұрғынға оқ тиіп, кейіннен ол ауруханада көз жұмды.