ОРАЛ. 1 шілде. ҚазАқпарат - «Жайық» шекара бақылау бөлімшесінің шекарашылары №107 «Астана-Киев» жолаушылар пойызын тексеру кезінде ірі көлемде алтын,
күміс бұйымдар мен асыл тастарды алып бара жатқан Украина азаматшасын ұстады.
2029-әскери бөлімінің аға офицері, капитан Манарбек Қарекеновтің хабарлауынша, салмағы 2 келі тұратын қазына әйел сөмкесінің астарына жасырылған екен. Оның нарықтағы бағасы 2 млн. теңгені құрайды.
Контрабандалық тауарды шекарадан заңсыз өткізбек болған әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).