Шекті бағаны көтеру, әсері күшті дәрілерді рецептісіз сату – дәріханаларда жиі жасалатын заңбұзушылықтар белгілі болды

АСТАНА.KAZINFORM — Дәрі-дәрмекті асыра үстеме бағамен сатқан, сондай-ақ әсері күшті препараттарды сатуда тиісті бақылау жасамаған дәріханалар қалай жазаланды? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жауап берді.

Фото: ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті

- Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бағаларын бақылау аясында Комитеттің департаменттері осы жылдың 6 айында шекті бағаларды асырудың 6 дерегін анықтады, соның нәтижесінде 1,4 млн теңге сомасында айыппұл салынды, - делінген ведомствоның Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Айта кетейік, 2023 жылы шекті бағаларды асырудың 12 фактісі анықталып, 2,1 млн теңге сомасында айыппұл салынды. Ал 2024 жылы осындай 7 дерек (1,5 млн теңге), 2025 жылы 15 дерек (3,1 млн теңге) анықталды.

Нашақорлар тұтынатын препараттарды бақылау

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы және оларды пайдалану ережелерін бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді.

Осыған байланысты, ҚР Қылмыстық кодексінің 301 және 303-баптарымен күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген. Бұл тұрғыда, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қылмыстық кодекстің аталған баптары бойынша жауапқа тарту мәселесі Ішкі істер министрлігінің құзыретіне жатады.

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменттері 2026 жылға дейін күшті әсер ететін заттарды (тропикамид, зопиклон, цикломед, оксизепам және т.б.) рецептісіз сатудың бірқатар дерегін анықтаған. Мәселен, 2023 жылы 48 әкімшілік хаттама толтырылып, 6,3 млн теңге сомасында айыппұл салынды. 2024 жылы 18 әкімшілік хаттама (2,9 млн теңге айыппұл), сондай-ақ 2025 жылы 85 хаттама (17,4 млн теңге) толтырылған.

Бұған дейін дәрі сатып алғанда нені тексеру керек екенін жазған едік.