Біз осыған орай мерейтой иесін әңгімеге тартқан едік.
- Сұлтан Сүлейменұлы, өзге құрдастарыңызға қарағанда жүріс-тұрысыңыз, дауысыңыз ширақ көрінеді. Оның қандай сыры бар? Өмір жолыңызбен аз-кем бөліссеңіз?
- Шынында да елдің бәрі маған жас көрінесіз деп қайран қалып жатады. Меніңше, бұл табиғаттың берген сыйы. Дұрыс жүріп, дұрыс тамақтанып, ізгіліктің жолын өзіне мұрат тұтқан адамның рухы мен тәні әрдайым қуатты болатын болуы керек. Мен жас кезімде спортпен шұғылданғам. Туған ағам 95-те қайтыс болды. Өмір жолыма келсем, 1921 жылы 22 шілдеде Алматы қаласында бағбанның отбасында дүниеге келдім. Орта мектепте бітірген соң 1938 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, ел басына қиын күн туған кезде 2-курста өзім сұранып, ерікті 100-ші атқыштар бригадасының құрамында желтоқсан айында майданға аттандым. 100-ші дербес ұлттық бригада, негізінен, Қазақстанның әр жерінен өз еркімен тілек білдірген қазақ жастарынан құралған болатын. Көпшілігі орыс тілін жетік білмейтін ауыл жігіттері еді. Мен танкіге қарсы күресетін рота (ПТР) командирі болып, Ржев, Великие Луки, Невель калаларын жаудан азат етуге қатыстым. 1944 жылы 3-ші рет ауыр жарақат алуыма байланысты 2-ші Украина майданындағы 46-шы механикаландырылған бригада сапынан елге оралдым. Майданда көрсеткен ерліктерім үшін екі мәрте Ұлы Отан соғысының 1-ші дәрежелі орденімен және «Отан үшін»,«Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 жылдардағы қажырлы еңбегі үшін» медальдарымен марапатталдым.
Елге оралған соң Түркістан-Сібір темір жолының Алматы бөлімшесінің жұмысшыларды жабдықтау бөліміне (ОРС) басшылық қызметке орналастым. 1950 жылы Мәскеудегі КСРО Сауда министрлігінің Жоғары сауда мектебіне оқуға жіберіліп, 1953 жылы Қазақ КСР Сауда министрлігінің Өнеркәсіп тауарлары басқармасының бастығы болып тағайындалдым. Келесі жылы Мәскеудегі КСРО-ның Бас әмбебап дүкеніне бағынышты Алматыдағы Орталық әмбебебап (қазір «Заңғар») дүкенін басқаруға жіберді. Ал күзде қалалық партия комитетінің ұйғарымымен Алматы қаласы әкімшілік жоспарлау-қаржыландыру бөлімінің бастығы болып тағайындалдым.
- Дінмұхамед Қонавпен талай жыл қызметтес болдыңыз. Ол кісімен таныстықтарыңыз қалай басталды?
- Фрунзе ауданының (қазіргі Медеу) 1-ші хатшысы болып жүрген кезімде 1958 жылы қалалық үлкен бір конференция ұйымдастырылды. Оған Орталық комитеттің 1-ші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы және саяси бюро мүшелерінің барлығы қатысты. Қалалық партия комитетінің 1-ші хатшысы Третиков деген кісі маған: «дайындал, конференцияда бірінші болып сен сөйлейсің», - деді. Жақсы сөйлеп шықтым ғой деймін, Д.Қонаев қалалық партия комитетінің 1-ші хатшысына телефон соғып, «бұл жігіт кім, білімі қандай, маған ұнап қалды, осы жігітті көтерсек қалай болады, маған ертең сағат 12-ге жібер», - депті. «Сені шақырып жатыр», - дегенде cасып қалдым. Бардым, ұзын бойлы адам екен. «Сені біз аппаратқа алатын болдық, Орталық комитеттің бөлім меңгерушісі боласың», - деді. Ол кезде бұндай қызметке министрлерді шақыратын. Мен абдырап қалып, «жаспын ғой», - дедім. Жасымды сұрағанында, 38-ге келіп қалғанымды айттым. «Мен 28 жасымда Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болғанмын. Сен жас емессің, дайындалғанн жігітсің, бүгін сағат 2-де бюроға кел», - деді. Келісімімді бердім. Онда 2 жыл істедім, сауда бөлімінде. Димекең бір күні шақырып алып министр болатынымды, Мәскеуге бекітілуге бартынымды айтты. Сөйтіп 8 жыл ҚазКСР-інің Сауда министрі болдым. Одан кейін тағы шақырып алып, «министрлікте жақсы істедің, өзіңді жақсы көрсете білдің, сені үкіметке аламыз, Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары боласың», - деді. Бұл қызметте 15 жылдай жұмыс жасап, 1984 жылы құрметті еңбек демалысына шықтым.
- Дінмұхамед Ахметұлымен 25 жыл бірге қызмет жасап, 30 жыл көрші болыпсыз. Ол кісі туралы не айтасыз?
- Сауда министрі болып жұмыс жасап жүргенімде бір күні шақырып алып, «үйің бар ма?», - деді. Бар екенін айтып едім, «менімен көрші болғың келе ме?», - деп сұрады. Өзімен көрші болу үлкен бақыт екенін айттым. Сол кезде ол кісі бір үйдің біткенін жеткізіп, барып қарауымды және маған содан пәтер беретінін айтты. Д. Ахметұлы тазалықты, адамгершілікті бағалайтын. Мен еш уақытта бір кісіге жаманшылық ойлап, бірдеңе алған кісі емеспін. Сауда министрі болған кезімде біреуден 1 тиын сұраған емеспін. Соның бәрін байқады. Менің әке-шешеммен жас кездерінде бір көшеде тұрған екен. Әкемді таниды екен, сол жағын да еске алды. Атқарған жұмысым да көңілінен шықты ғой деймін. Оған дейін үш әріптің адамдары да әбден тексерген болуы керек. Сонымен, 1972 жылы осы үйге көшіп келдім. Мұнда үкімет басшысы тұруы тиіс еді. Д. Ахметұлы мені әкеп қойды. Сөйтіп, Министрлер кеңесі төрағасының орнына өзіне министрді көрші қылып қойды. Бұл шешіміне разы болмағандар да болды. Димекеңнің туысы ма деп ойлағандар да кездесті. Менің ешқандай туыстығым жоқ екенін білген соң бірте-бірте бәрі ұмытылды. Осылайша біз қызметте әріптес боп қана қоймай, отбасылық жағдайда да дәмдес болдық.
Жалпы Д. Ахметұлы Қазақстанның өсіп-өркендеуіне көп еңбек сіңірді. Таза адам ғой, орталық комитеттегілер қанша тексерсе де бірде-бір шатағы болған жоқ. Әрдайым ел жұртың қамын ойлайтын. Сондықтан да халық әлі күнге дейін есімін ұлықтап, ерен еңбегін бір-біріне аңыз ғып айтып жүр. Ел үшін туып, осы жолда бүкіл өмірін арнады.
- Халықаралық Д.А. Қонаев қорының құрылуына ұйтқы болып, алғашқы президенті болдыңыз. Қордың қалай құрылғаны жайлы айтып берсеңіз?
- Зейнетке шыққаннан кейін азаматтар: «Сұлтеке, Сіз Димекеңмен көршісіз, 25 жыл бірге қызмет істедіңіз. Қырғызстанда Үсіпәлиевтің, Өзбекстанда Әшимовтың қоры құрылды, енді Димекеңнің қорын құрмайсың ба», - деген ой тастады. Ойланып, бір күні бұл туралы Д. Ахметұлының өзіне айтып едім: «Сұлтан, білмеймін, ойланайық», - деді. Сосын 2-3 күннен соң тағы кіріп, Үсіпәлиев, Әшимов қоры туралы жазылған газет материалдарын көрсеттім. «Бұл Сіз үшін емес, Сіздің соңыңызда серіктестеріңіз бар, соларға және тарихқа керек», - деп едім, келісімін берді. Қордың президенті өзіңіз болыңыз деген ұсыныс айттым. Ол кісі: «жоқ, сен бол, көмектесемін», - деді. Осылайша, 1989 жылы Халықаралық Д. А. Қонав қорын құруға кірісіп, өзінің өтініші бойынша алғашқы президенті болып сайландым. Одан кейін де шақырып алып, «сен зейнетке кетсең де жастаусың ғой, мен саған қызмет берейін» деген ұсыныс тастады, мен өз еркіммен істейтін қызмет берсеңіз барайын деген ойымды жеткіздім. 1987 жылы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі қоғамдық ұйымның төрағасы боп, онда 4 жыл істедім. Қазір Қонаев қорының құрметті президентімін.
- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен де біраз уақыт бірге қызметтес болғаныңызды білеміз. Елбасы туралы ой-пікіріңіз қандай?
- Елбасы Н.Назарбаевпен 10 жыл бірге қызмет істедім. Менен 20 жас кіші. 40 жасында хатшы болып келді. Д. Ахметұлы қабілет-қарымын байқап, осында алып келді. Ең жасы мен болған соң, ара-тұра менімен кеңесіп тұратын. Сөзге, жазу-сызуға шебер және қызметін беріліп істейді. Димекең 1978-80 жылдардың өзінде бәріміздің көзімізше болашақта орнымызға келетін ең лайықты адам осы Н.Назарбаев дейтін. Н.Әбішұлы Қазақстан Республикасының Президенті болған соң да байланысын үзбей, менің 75, 80, 85 жылдық мерейтойларымда ылғи өзі құттықтап жүрді. Кездескен кезде де жақсылығынды ешқашан ұмытпаймын дейтін.
- Елбасымен кездескен кездеріңізде қандай мәселелерді қозғап, ой-пікірлер айтылды? Солардың бірсыпырасымен бөліссеңіз?
- Мемлекеттік қызметтегі шенеуніктер төменнен өсіп, білім мен тәжірибе жинақтау керек. Мысалға, бұрын Сауда министрлігінде істеу үшін мен қатардағы тауартанушы тексерушіден, әмбебап дүкеннің бастығы, аудандық комитетте, қалалық комитетте, Орталық комитетте жұмыс жасадым. Димекең шақырғанда, «әлі жаспын» деген кезімде: «сен барлығынан өттің, сенде тәжірибе де, білім де бар, сен қалайша жаспын дейсің», - деген еді. Қазір шынын айтқанда осы жағы кемшін түсіп жатыр. Жастарды өсіруде асығыңқырақ жатырмыз. Сондықтан көпшілігі өз орнында ұзақ отыра алмайды. Содан кейін түрлі кемшіліктер шығып жатыр.
Бұрын біздің министрлер өз орнында көп жыл отыратын. Республика үлкен ғой, барлығын біліп, танып, түсініп мәселені шешу үшін 1 жылға дейін уақыт керек. Сонда ғана жұмыс кәсіби түрде жүреді. Егер бүгін келіп, ертең кетсе ондай қызметте қандай жауапкершілік болады. Осы жағынан бізде біраз кемшілік бар. Содан кейін білімге көп қарамаймыз. Мысалы, біздің көп елшілердің дипломатиялық білімдері жоқ. Орнынан түсіп қалған әкімдерді кейде Елші болып жатады. Ал дипломатиялық академияны бітірген, білімі бар кейбір жігіттер қарапайым қызметте жүр. Шенеуніктерді істей алмаса да бір жерден бір жерге ауыстырып қоямыз. Кадр жағына үлкен көңіл бөлу керек. Әкімдер, министрлер төменнен өсу керек, төменгі қызметті білулері керек. Мен осы ойымды Нұрекеңнің өзіне жеткізгенмін. Барлық мәселені шешетін кадр. Жастар бар, өсіп келе жатқан білімді жастар көп. Бірақ оның әрқайсысының орнын білу керек. Шенеуніктердің жауапкершілігі жоғарыламайынша, мемлекеттік қызметтің беделі көтерілмейді. Әңгімелескен кезімізде бұл ойымды Президент құптаған болатын.
- Өзіңізді қаншалық бақытты адаммын деп санайсыз?
- Өзімді бақыттымын деп толық айта аламын. Соғысқа қатысып, аман-есен оралдым. Еңбек жолымда түрлі қызметтер атқарып, Сауда министрі болдым, Министрлер кеңесі төрағасының 1-орынбасары деңгейіне дейін көтерілдім. Ширек ғасырдан астам уақыттан бері зейнетте болсам да ешкім мені ұмытқан жоқ. Бала-шағам, немере-шөберем бар. Сондықтан өзімді өте бақытты адаммын деп есептеймін. Материалдық байлықтан менде осы үй мен зейнетақыдан басқа ештеңе жоқ. Соның өзі де дұрыс шығар. Қызметте қаншама адаммен істес, отбасында дәмдес болдым. Мұның бәрі менің рухани байлығыма өз үлесін қосты десем еш қателелеспейтін шығармын.
- Қандай арманыңыз бар ма?
- Арманым бар деп айта алмаймын. Өміріме бақытты адам ретінде әрдайым Аллаға разылығымды айтудан танбаймын. Осы жасқа келіп, ел-жұрт арасында осындай құрмет пен қошеметке бөленіп отырудың өзі зор бақыт қой.
- Неден қорқасыз?
- Мен бе? Ештеңеден қорықпаймын. Неден қорқам, біздің жасымыз келіп, өміріміз өтіп барады. Шама-шарқымызша елге, жұртқа адал қызмет еттік. Тарихта қалдық. Осыдан артық не керек?. Ендігі мақсат - бала-шаға, ел-жұрт аман болсын, олардың алдында ана дүниеге тазалықпен кетсек те разы боламыз. Бірақ оған қазір асықпаймыз.
- Сұлтан аға, ақсақал деп кімді айтуға айтуға болады?
- Елге, халыққа еңбегі сіңген, адал қызмет істеген, ел-жұрты сыйлатын адамдарды адамды ақсақал дейді. Қазір ондай адамдар азайып қалды. Бұрын ақсақал деп 60-70-тегілерді айтатын. Қазір олар жас болып жүр. Қазір 80-нен асқаннан кейін ғана ақсақал дейді.
-Ақсақалдың қадірін кетіріп алған жоқпыз ба?
- Шынын айтқанда осы жағына көп мән бермеуші едім. Енді сен айтқан соң ойланатын болдым. Жастар үлкендерді сыйламайды деп айта алмаймын. Қазақ жастарына разымын. Бұрын әкесі өлгенде жылын беретін де, сонымен тоқтайтын. Қазіргі жастардың мүмкіншілігі бар, олар әкелерінің 80, 90, 100 жылдықтарын атап өтіп жатыр. Соның өзі үлкендерге көрсетілген құрмет. Халық Абдуллаев деген азамат әкесіне, шешесіне және әйелінің әкесіне 3 мешіт салды. Мұның бәрі халықтың діннен ажырамай, адамгершілік құндылықтарын сезінуі үшін жасалған игілікті іс деп ойлйамын.
- Әңгімеңізге рахмет.