Шет елде заңдастырылған мүліктің құны 1 млрд. теңге болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шет елде заңдастырылған мүліктің құны 1 млрд. теңге болды. Бұл туралы бүгін заңдастыру науқаны тақырыбына арналған Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті.

«Ағымдағы күнгі жағдай бойынша 607 млрд.теңге заңдастырылған, оның ішінде мүлік бойынша 457 млрд. теңге сомаға (шетелде 1 млрд.теңге), ақша бойынша - 233 банк шотын ашу жолымен 150 млрд.теңге қамтылды», - деді министр.

Б. Сұлтанов кейбір кедергілер 2015 жылғы желтоқсан айындағы заңнамаға енгізілген тузетулермен жойылғанын еске салып өтті. Жаңа түзетулердің бірі - заңдастырылған ақшаны банк шоттарынан мерзімінен бұрын шешкен жағдайда заңдастыру үшін 10 пайыздық алымды жою.

«Бұл ретте, аталған норманың кері әсері бар. Атап айтқанда, осы алымды төлегендер, өзінің ақшасын бюджеттен қайтарып алуына болады. Бірақ та азаматтар әзірше сол ақшаларын алуға асықпай отыр. Жалпы республика бойынша бұл қаржының сомасы 3,1 млрд. теңге. Осы мінберді пайдалана отырып, азаматтардың бұрын төлеген алымдарын қайтару бойынша мемлекеттік кіріс органдарына жүгінуге шақырамын»,-деді министр.

Қаржы министрінің атап өтуінше, дегенмен, «ескі» шарттарда (2015 жылдың 1 желтоқсанына дейін) 428 млрд. теңге заңдастырылған. «Жаңа» шарттарда қарқынды үдеріс бар.

«Тек қана екі айдың ішінде (желтоқсанда және қаңтарда) 160 млрд. теңге заңдастырылған немесе алдыңғы 15 ай науқандағы заңдастырылғанның үштен бір бөлігі. Оның 109 млрд. теңгесі мүлікті қамтып отыр. Осы кезеңде банктерде 41 шот қоса ашылып, оған 51 млрд. теңге салынды. Осылайша, заңдастырылған ақша қарқынының өсімі 2015 жылдың 1 желтоқсанымен салыстырғанда 61 пайызды құрады»,-деді ведомство басшысы.