Шетелдерден ұрланған автокөліктердің Қазақстанға транзиттік арнасын ұйымдастырғанға қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. Тамыздың 3-і. ҚазАқпарат - Павлодар облысының ІІД бұзақылық әрекеттер жасағаны үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) 4 қатысушысын ұстады. Алматы облысында бопсалау қылмысын жасағаны үшін іздеуде жүрген ҰҚТ-ның тағы бір қатысушысы ұсталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз мәлімдемесіне сілтеме жасап.

Сонымен қатар, Жамбыл облысында ҰҚТ-ны қаржыландыру көзі анықталып, Е. есімді азамат ұсталды. Ол 2007 жылы өзінде жоқ мүлікті кепілге қойып, екінші деңгейлі банк филиалынан 4 млн. теңге көлемінде несие алған. Ал Ақтөбе облысының ІІД ҰҚТ-ның қатысушысына қатысты шетелдерден ұрланған автокөліктердің Қазақстанға транзиттік арнасын ұйымдастырғаны үшін қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ ойын бизнесі саласында заңсыз кәсіпкерлік қызметімен айналысқан облыстың 2 тұрғыны ұсталды. Заңсыз айналымнан 4 миллион теңге, ойын үстелдері, фишкалар және карталар тәркіленді. Қылмыстық іс қозғалды.