«Шетелдіктерден ұят болды» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 6 сәуір, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***
«Егемен Қазақстан»
газетіндегі «Ықпалдастық арта түсуі тиіс» атты мақалада Премьер-Министр Серік Ахметовтің Украинаға ресми сапары кеңінен баяндалады.

«Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов Украинаға ресми сапары аясында Украина Президенті Виктор Януковичпен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Украина арасындағы ынты­мақ­тастық қарым-қатынастар жайы сөз болды. Екі елдің сауда-эко­номикалық байланысын дамыта түсудің перспективалары талқыланып, келешекте тауар айналымын арттыру мәселесі айтылды. Екі ел арасында қалыптасқан сындарлы саяси диалогты одан әрі де жетілдіріп, бүгінге дейін жақ­сы жолға қойылған жоғары технология, энергетика сынды салалардағы байланыстарды арттыра түсу қажеттігі атап өтілді. Сондай-ақ, тараптар әңгіме барысында әлемді дағдарыс алаңдатып отырған қазіргідей қиын кезеңде елдердің экономикалық салада байланысты жетілдіруі аса маңызды екендігін тілге тиек етті», - деп жазады басылым.


Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындаеліміздің баспасөз беттерінде қолданылып жүрген«Алашанькоу» атауына қатысты мәселе көтерді. «Бұл атау қазақтілді БАҚ беттерінде «Алашаңқай» тү­рінде қате қолданылып жүр», - деп жазады басылым «Алашаңқай» емес, «Алатау өткелі» атты зерттеу материалында.

«Қытайдың «Алашанькоу» сөзін орыстілділер фонетикалық ық­палын сақтай отырып сол күйін­де қабылдап, қолданып кет­кен. Егер бұл терминнің эти­мологиялық төркініне үңілсек, тап-таза түркілік белгіге тап бо­ламыз. Дәлме-дәл мағынасы былайша аударылады: «ала» - ала, (қытайша дербес мағынасы жоқ, бәлкім қазақ тілінен енген болуы мүмкін); «шань» - тау, (мысалы, «Тянь-шань» - Тәңіртау т.с.с.); «коу» - өткел, шекаралық бекет. Яғни дұрысы «Алатау өткелі» немесе «Алатау шекара бекеті», - деген пікір білдіреді автор.

***

«Айқын» газетінде«Шетелдіктерден ұят болды»деген мақала оқырман назарына ұсынылып отыр. «Қазақстанда заң жобасының барлығы ресми тілде жазылады да, соңында мемлекеттік тілге аударылады. Өз алдымызға егемен ел атанғанымызға 22 жыл толса да жағдай осы. Қазақтардың мұндай дәрменсіздігіне бертінге дейін күліп келген өзге мемлекеттер енді күйінетін жағдайға жетті. Өйткені өзіміздегісін айтпағанның өзінде Парламенттің қабылдауымен Президент қол қоятын немесе үкіметаралық деңгейде келісілген халықаралық шарттар мен конвенциялардың қазақ тіліндегі аудармасынан кейіннен масқара қателер табылады екен. Содан соң амалсыздан Сыртқы істер министрлігі мәміле жасасқан мемлекетке ноталар жөнелтіп, әлгіндей құжаттардың түпнұсқасын қайтаруды сұрап, ұятқа қалып жүр».

Алматы қаласында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше АҚШ, Германия, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Францияның қатысуымен Иранның ядролық бағдарламасы мәселесін реттеуге байланысты Иран ядролық бағдарламасы бойынша халықаралық Е3/ЕU 3 келіссөздерінің кезекті раунды өтіп жатыр.

«Еуропалық дипломатияның басшысы, Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон Иран ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздердің кезекті раунд­тары аясындағы кездесулерді Алматыда қабылдау туралы ұсыныс жасаған Қазақстан өкіметіне алғысын білдірді. Алматыдағы 5 1 кездесулері Иран ядролық бағдарламасына қатысты сенім­ділікті нығайтудағы алға басушылықтың нақты мүмкіндігі болып табылады», - деп атап өтеді «Айқын» «Алматыдағы 5 1 сенімділікті нығайтады» деген тақырыппен берілген материалында.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Пара бермесең, балабақшада орын жоқ...» атты мақала жарияланды. «Біздің еліміздегі ата-аналардың баласын мемлекеттік балабақшаға орналастыру үшін беретін жыл сайынғы парасының көлемі 1,5 млрд теңгені құрапты. Мұндай бас шайқатып, таңдай қақтырарлық соманы жемқорлыққа қарсы қоғамдық бірлестіктердің бірі «Қазпотребнадзор» орталығы таратып отыр», - делінген онда.