Шілдеде айлық орташа жалақы 106 мың 620 теңгені құрады - Статистика

АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - 2012 жылғы шілдедегі бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 106620 теңгені құрады.

Бұл ретте номиналды айлық жалақы 2011 жылдың шілдесіне 114,7 пайыз, нақты 109,5 пайызды құрады. Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Салалық құрылымда жалақының ең үлкен мөлшері қаржы және сақтандыру қызметінде - 205,2 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 1,9 есеге асады), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте 195,4 мың теңге (1,8 есе), кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда - 181,5 мың теңге (1,7 есе) болып белгіленді. Ең төменгі жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығы қызметкерлерінде - 48,9 мың теңге, бұл ел бойынша орта көрсеткіштен 54,2%-ға төмен.

Өңірлік бөліністе ең жоғары жалақы Атырау облысында - 183,3 мың теңгеге белгіленді, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 1,7 есеге асады. Солтүстік Қазақстан облысында мұның шамасы 71,6 мың теңгені құрады, бұл ел бойынша орташа деңгейден 32,8 пайызға төмен.