Шымкентте құрылыс алаңында жұмысшы қаза тапты

Фото: Александр Павский/Kazinform

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Қайғылы оқиға тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатқан аумақта болған. 

Ресми мәліметтерге сүйенсек, марқұм Үмітжан Балтабаев абайсызда лифт шахтасына құлап кеткен. Қаладағы Еңбек инспекциясы оқиғаның «Aina Mare House» ЖШС-нің құрылыс алаңында болғаны нақтылады.

— Үмітжан Балтабаев белгісіз жағдайда құлап, көз жұмды. Тергеуді бастау үшін жұмыс берушіден бір тәулік ішінде ресми хабарлама түсуі тиіс. Соның негізінде арнайы комиссия құрылып, он жұмыс күні ішінде тексеру жүргізіледі, — деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Алайда бүгінгі күнге дейін еңбек инспекциясына ешқандай ресми хабарлама түспеген. Сондай-ақ марқұмның аталған нысанда ресми түрде жұмыс істеген-істемегені әлі анықталып жатыр.

Полиция департаменті қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.

— Қазіргі таңда болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтау үшін кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады, — деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаменті.

Ал аталған құрылыс нысанына жауапты компания әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Айта кетейік, бұдан бұрын Берденов ісі бойынша екі тарап та апелляцияға шағым түсіргенін жазған болатынбыз.