Шымкентте жеке тұрғын үй өртеніп, 52 жастағы әйел қайтыс болды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Аталған жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Фото: Шымкент қаласы ТЖД

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, жеке тұрғын үйде болған өрттен Түркістан облысы тергеу соты төрағасының бұрынғы жұбайы қайтыс болған. Оқиға орнынан керосин мен банкалар табылған. 

Фото: Шымкент қаласы ТЖД

Аталған жағдайға байланысты ақпарат таратқан Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті өрттің болғанын растады. Салдарынан үш адам уланумен ауруханаға жатқызылса, оқиға орнынан 52 жастағы әйелдің мәйіті табылған. 

Фото: Шымкент қаласы ТЖД

— Алмахан қажы көшесінде орналасқан тұрғын үйдің 100 шаршы метр алаңында өрт болды. Өрт сағат 06:44–те оқшауланып, 06:59–да толығымен сөндірілді. Аталған өрт оқиғасының мән-жайы Шымкент қаласы полиция департаментінің Абай аудандық полиция басқармасымен анықталуда, - делінген ведомства ақпаратында. 

Ал, полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалғандығын хабарлады. 

— Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларының кешені жүргізіліп жатыр. Іс бойынша тергеу барысы Шымкент қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды, - делінген ақпаратта.