Шырмалған сана сарсаңы немесе есірткіге тәуелділіктің салдары

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде нашақорлық және есірткі саудасы – күллі әлемдегі ең өзекті мәселелердің бірі. Психотроптық заттардың кесірінен нашақорлар денсаулығын да, өмірін де құртып, болашағына балта шауып жатыр. Ал аз уақытта қомақты қаржы табамын деп заңсыз есірткі таратуға жалданып, жымысқы ниеттілерден алданып, өрімдей жас қаншама қыз-жігіт темір торға тоғытылады. Бұл мәселе Астананы да айналып өткен жоқ. Елордалық мамандар есірткіге тәуелділікке және есірткі қылмысына қарсы қалай күресіп жатқанын зерттеп көрген едік.

Фото: Kazinform / ЖИ көмегімен жасалды

Нашақордың өкініші

Астаналық Данияр (кейіпкердің есімі өзгертілді) 37 жаста. Қазір Қалалық психикалық денсаулық орталығында есірткіге тәуелділіктен емделіп жатыр. Мамандығы бойынша, 4-разрядты дәнекерлеуші. Мұндай кәсіп иелерінің 6 разряды болатынын ескерсек, Данияр – айтарлықтай жоғары деңгейдегі, сұраныстағы маман. Алайда 5 жыл бұрын шегетін есірткі түрін қолдана бастаған. Әуелгі екі жылда айына бір-екі рет қана шегіпті. Табылса, пайдаланып, табылмаса, қинала қоймаған. Екі жыл бойы өзін ұстай білген, басқара алған. Алайда соңғы үш жылда есірткіге тәуелді болып қалғанын айтады.

– Жаман әдеттерге үйірлік менің қанымда бар шығар. Өйткені, әке-шешем ішетін. Бала кезімде көбіне қараусыз қалатынмын. Көше кезіп, сол көшедегі маскүнемдермен дос болуға ұмтылатынмын. Сөйтіп жүріп, мен де мектеп кезінен бастап ішімдік іштім, улы заттарды иіскеп, токсикоман болдым. Сондай тәсілдермен ләззат алу маған бұрыннан ұнайтын. Ондаған жыл бойы зиянды нәрселерді қолданып, денсаулығымды әбден құрттым. 5 жыл бұрын, 32 жасымда қан құсып, шошып кеттім. Өлемін деп ойладым. Өмір сүргім келді. Сөйтіп, алкогольді қойдым да, ұнтақ түріндегі синтетикалық есірткі шегуге көштім. Оны көңіл көтеру кешінде бір кісі ұсынды, – дейді Данияр.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

 

Ол бастапқыда есірткінің тәтті иісі мен дәмі қатты ұнағанын айтады. Одан ләззат алып, көңіл-күйі көтеріліп, ғажап сезімде болған. Алайда бірте-бірте мұның алдамшы бақыт екенін түсінген. Себебі, есірткіні тұрақты қолдана бастағанда, жаңағы рахат сейіліп, түтін, керісінше, күллі ішкі ағзасын күйдіріп, миын құрғататын халге түсірген. Салдарынан бүкіл сезімі семіпті. Жек көру, ашулану, қуану, таңғалу – ешқандай күйді сезінбейді. Күні-түні мең-зең болып, өң мен түстің арасында, түтін ішінде жүреді де қояды. Уақыттан да жаңылған. Бөлмесінде қамалып алып, есірткі шегіп отыра берген.

– Өмірде ештеңе қызық болмай қалады. Тек есірткің болса болды. Соны шегіп, ешқайда шықпайсың. Санаң уланып, қолыңды әрі-бері қозғалтып, ербеңдетіп, түсініксіз қимылдар істеп, есіңді де толық білмейсің. Жатып шегу ыңғайсыз болғандықтан, жатпайсың да, тек отыра бересің. Қимыл-қозғалыс болмағандықтан, қарның да ашпайды. Тамақ жеуді мүлде ұмытасың. Шаршамайсың. Тек миың қалжырайды. Өйткені, улы түтін миыңның жасушаларын біртіндеп өлтіріп жатады. Есірткің бітіп қалған кезде, басқа «доза» қалмағанда ғана шегуді амалсыз доғарасың. Сосын біраз уақыттан кейін есірткінің әсері тарағанда, буындарыңның, бұлшық еттеріңнің ауырғанын, ауыз қуысыңның ашығанын, тамағыңның құрғап, кенезең кепкенін сезіп, азапқа түсесің, – дейді Данияр.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

 

Үсті-басты алба-жұлба, күлімсі иіс мүңкіген мұндай кезде ол жұмысқа бара алмайтынын айтады. Барса, қуып шығар еді. Ал бармай, жоқ болып кеткені үшін бәрібір де жұмысынан шығып қалған. Ондай сәтте тұла бойының ауырғанын басу үшін өзі секілді таныс нашақорларды іздепті. Сәл-пәл болсын есірткі сұрап алғысы келген. Кейде біреу-міреуді алдап, алаяқтықпен ақша тауып, есірткі сатып алуды қалаған. Қаржыны осылай өтірікпен таппаса, басқаша қолынан келмейді. Себебі ешкімді ұрып-соғып, тонап, қаражатын тартып ала алмайды, сау адамға күші жетпесін біледі. Бірақ нашақордың түтін торлаған санасы сау кісіні алдай да алмайды. Сондықтан алаяқтығы не ұрлығы үшін тез құрықталып, бір жолы түрмеге отырып шықса, басқа жолы оған кешірім берілген.

– Есірткі ала алмай, жанын қоярға жер таппаған кездерде көп нашақор өзіне қол салады. Талайы асылып қалады. Мен ондайға бармадым. Қанша тәуелді болсам да, рухани тұрғыдағы күресім жалғасып жатты, өзімді ұстадым, – дейді Данияр.

Жігіттің анасы Даниярды  Қалалық психикалық денсаулық орталығына үш рет мәжбүрлі түрде жатқызып, емдетіпті. Үшеуінде де «Болды, қатемді түсіндім, есірткіні қойдым» – деп алдап, еркіндікке шығуға, наша шегуге асыққан. Алайда әрқайсысында 1,5-2 айдан айдан жатқан осы үш сеанс пайдасын беріпті. Ақырын-ақырын ненің дұрыс, ненің бұрыстығы санасына жетіп, төртінші жолы ем-дом қабылдауға өз еркімен келген.

– Алдымен Жаратушыға рахмет. Сосын туыстарыма, мемлекетке алғыс. Мен секілділерге наркологиялық орталықта емделіп, құрдымнан құтылуға көмектесіп жатыр, – деді Данияр риясыз көңілмен.

Орталықтағы науқастарға дәрігерлер есірткіге деген құмарлық олардың миына орнығып алып, ешқашан кетпейтінін түсіндіреді екен. Сол себепті, емделіп шыққан соң, ескі «ауруды» қоздырмау керек, яғни нашақорлардың ортасына, есірткі қолданатын жерлерге, тіпті, ішімдік ішетін орындарға да бармау қажет. Әйтпесе, құмарлық әп-сәтте қайта оянып кетуі мүмкін.

– Есірткіде ешқандай ләззат жоқ, маған сеніңіздер. Онда тек азап бар. Қатты қиналасың. Мен «есірткі мұхитында» жай ғана шабақпын. Жолымда небір акулалар да кездесті. Олар тамырына есірткі салады. Мен есірткіні тамырға салуға бармадым. Тек «түтінді» шегетінмін. Сол «түтіннің» өзі менің миымды, қаншама өмірімді жалмады, – деп ашынды орталықта емделіп жатқан науқас.

Оның сөзінше, алкоголь ішкенде адам теңіз тізесінен келетіндей, асып-тасыған күйге енеді. Ал есірткі, керісінше, нашақорды жерге түсіреді, ақыр аяғында көрге жеткізіп тынады. Данияр есірткі қолданып жатқан кісі, көптің көзіне түспей, тоғай ішінде, бұта арасында, иесіз сарайларда, ағаш дәретханаларда өзімен-өзі отырып, «ұйыққа» бата беретінін айтады. Есірткіге тәуелді жан өзінің алдамшы ләззатында ешкімді көрмей, ешкімді мазаламай, ешкімге кедергі жасамай, тыныш әрі үн-түнсіз күйде жан тапсырады. Ондай адам бұл әлемде мүлде болмағандай ізім-ғайым жоғалып, із-түзсіз ғайып болады, құрдымға кетеді.

– Мен өмір сүргім келеді. Жай ғана өмір сүру емес, жақсы, лайықты ғұмыр кешуді қалаймын. Өзгелерге қуаныш әкеліп, пайдамды тигізіп, сол арқылы өзім де шаттыққа кенелсем деймін. Ал көпшілікке айтарым – есірткіге жоламаңыздар. Оның қандай жаман нәрсе екенін білгілеріңіз келсе, нашақорлар есірткі қолданатын жерлерге немесе наркологиялық орталықтарға барып, олардың мүсәпір, сорлы күйін көріңіздер. Бірден шошып кетесіздер. Есірткіге жақындамаңыздар. Басқалардың қателігінен, менің өмір жолымнан сабақ алыңыздар. Есірткі батпағына бір түссеңіздер, шыға алмайсыздар, лезде тартып әкетіп, батырып жібереді, – деп түйіндеді сөзін Данияр.

Есірткіге тәуелділік емделе ме

Жоғарыда жазғанымыздай, елордада Қалалық психикалық денсаулық орталығы жұмыс істеп тұр. Онда Данияр секілді психотроптық заттарға тәуелді жандар ем қабылдайды. Аталған орталықтың дәрігер-психиатры, нарколог, сондай-ақ, Астана медицина университеті психиатрия және наркология кафедрасының ассистенті, оқытушы Тоқтар Төлеуханұлымен осы тақырыпта әңгімелескен едік. Ол – бұл салада 1987 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан білікті маман.

Дәрігердің айтуынша, бүгінде елордада 823 адам наркологиялық есепте тұр. Есірткіге тәуелді азаматтар саны жылдан-жылға азайып келе жатыр. Бұл қуантады, әрине. Дегенмен, нашақорлардың арасында жасөспірімдер мен жастардың үлесі басым.

– Бұрын 50-60-тан асқан адамдар алкогольге тәуелділіктен, ал 30-дан асқан жігіттер есірткіге тәуелділіктен емделуге келетін. Олар, негізінен, сотталған кісілер болатын. Ал қазір синтетикалық есірткілер көбеюі салдарынан оларға жастар тәуелді болып қалып жатыр, – дейді Тоқтар Төлеуханұлы.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оның сөзінше, синтетикалық есірткілер табиғи есірткілерге қарағанда әлдеқайда зиянды әрі қауіпті. Өйткені, олардың құрамында табиғатта кездеспейтін химиялық заттар болады. Екіншіден, өндірушілер химиялық формуласын жиі өзгертіп отырады. Сол себепті, оларды анықтау, зерттеу, қай есірткі тобына жататынын белгілеу зор қиындық туғызады.

– Біздің орталықтағы зертханада 1500-дей есірткі түрін анықтай аламыз деп қуанамыз. Бірақ ол өте аз. Себебі, бір ғана қарасораның синтетикалық баламаларының саны – 2500 шамасында. Бұл – есірткінің бір тобына ғана жататын түрлері. Ал одан басқа да қанша топ, оның әрқайсында қанша мың түрі бар, – дейді Тоқтар Төлеуханұлы.

Синтетикалық есірткілер таблетка, ұнтақ т.б. түрде кездеседі. Нашақорлар оларды шегіп, иіскеп, не болмаса, тамаққа және сусынға қосып қолданады. Бастапқыда бойына зор күш-қуат құйылғандай сергіп, көңіл-күйі көтеріліп, 2-3 күн ұйықтамай да жүре береді. Алайда әсері тарқаған соң, психикалық ауытқуға шалдығып, санасын қорқыныш пен мазасыздық билейді. Есірткіні қоюға бел буып, пайдаланудан бас тартқандар да сандырақтаудан құтылмайды. Оларды әрдайым біреу аңдып, іздеп, қуып жүргендей, қауіп төндіретіндей үрейлі халден арыла алмайды, яғни психотикалық бұзылысқа ұшырайды. Санасы күңгірттеніп, шынайы өмірден алшақтайды.

– Олар өте ауыр құмарлыққа тап болады. Есірткісіз өмір сүре алмай қалады. Тіпті, ең алғашында психотроптық затты бір рет қолданғаннан кейін, нашақорларға өмірдің басқа ләззаттары – өнер, спорт, махаббат, табиғатқа шығу, дәмді тағам жеу т.б. қызық болмай қалады. Жалпы ғұмырдың өзі маңызын жоғалтып, олар тек есірткіні іздейтін болады, – дейді нарколог. 

Оның мәлімдеуінше, мұндай заттар адамның ми жасушаларын зақымдап, есте сақтау қабілетін әлсіретеді, ақыл-ой қызметінің төмендеуіне әкеледі. Сонымен қатар, есірткі адамның жүрегі мен қан-тамырларына өте зарарлы. Психотроптық заттар артериялық қысымды туындатып, жүрек қатты сыздап, ауырады. Осындай шақта жедел жәрдем қызметі келіп, көмек көрсетіп үлгермесе, адам өліп кетуі мүмкін.

Тоқтар Төлеуханұлының сөзіне сенсек, кейде жұрт өз еркінен тыс нашақор болып жатады. Өйткені, түнгі клубтарда, барларда не басқа да ойын-сауық орталықтарында қарау ниетті кісілер аңғал жастарға «бұл есірткі емес, бір рет көр, рахаттанып қаласың, тәуелді болмайсың» – деп алдап береді. Не болмаса, тамағына, сусынына білдіртпей салып жіберуі мүмкін. Кей ересектерге жалған психолог не коучтар есірткіні шай деп алдап ұсынған жағдайлар да кездесіпті. Мұндай кездерде адамның буыны босап, аяқ-қолына ие бола алмай, өзін басқара алмай қалады. Сол себепті, синтетикалық есірткілерді жәбірленушіге алдап беріп, тонау, зорлау т.б. мақсатта қылмыскерлер де пайдалануы ықтимал.

– Сондықтан өте сақ болу қажет. Бірінші қолданғаннан-ақ, есірткі психикалық тәуелділікті туғызады. Кісі психикалық-эмоционалдық тұрақсыздыққа ұшырап, ауыр күйзеліске түседі. Суицид жайлы ойлар келеді. Жасанды, алдамшы ләззатты іздемей, салауатты өмір салтын ұстанып, жақсы, бақытты ғұмырға ұмтылу керек, – деп кеңес берді дәрігер.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оның сөзінше, есірткіге тәуелділіктің үш сатысы бар: бастапқы, дамыған және соңғы. Алғашқы екеуінде емдеу мүмкіндігі жоғары. Ал үшінші сатыға өтіп кетсе, онда науқастың бетін бері қарату қиын. Өйткені, токсикалық улы заттар салдарынан жүйке жасушалары өліп, ми органикалық тұрғыда зақымдалады, яғни энцефалопатияға ұшырайды. Мұндай жағдайда адам ақыл-есінен де алжасады. Сондықтан нашақордың туыстары оны арнайы орталыққа, мамандардың қарауына барынша ертерек әкелгені жөн. Әйтсе де, нарколог «Емделу ешқашан кеш емес» – деп үміт үзбеуге шақырды. Нашақор есірткіге қаншалықты тәуелді болса да, күдер үзбей, «ұйықтан» шығып, қалыпты өмірге оралу үшін күрескені абзал.

Астанадағы Қалалық психикалық денсаулық орталығында науқастарға амбулаториялық және стационарлық көмек көрсетіледі. Стационарлық емдеу курсы шамамен 45 күнге созылады, яғни бір ай жарым ауруханада жатады. Алдымен науқас дәрі-дәрмекпен емделіп, психологиялық, физиологиялық, дәрумендік ем алады. Қаны улы, токсикалық заттардан тазартылады. Содан соң, психотерапия басталады, яғни есірткіге тәуелді адамның ем-домға, туыстарының қолдауына деген оң көзқарасын қалыптастыруға күш салынады. Психотерапияда топпен жұмысқа мән беріледі, яки науқастар арнайы курстардан бірге өтеді.

– 45 күн стационарлық ем аяқталған соң, біз онымен толық қоштаспаймыз. Науқас жиі-жиі келіп отырады. Ары қарай оңалту шараларын жалғастырамыз. Эмоционалдық жағдайы қалпына келгенше, күйзелістен шығаратын, ұйқысын қалпына келтіретін ем-дом ұсынамыз. Науқас бастапқыда айына бірнеше рет, кейін 2-3 айда бір, сосын жарты жылда бір келеді. Мамандардың көмегі қажет болғанда, орталыққа жүгінеді, – дейді Тоқтар Төлеуханұлы.

Сонымен қатар, орталықта бір уақытта, бірге ем қабылдаған науқастар шыққан соң да, топ болып емделеді. Әдетте, күйзеліске түскен не жалғыз қалған адамдар есірткіні бастайды. Енді емделіп шыққан соң, қайта жалғыз қалмау үшін науқастар топ болып ұйымдасып, бірін-бірі қолдап, көмектесіп жүреді.

Дәрігердің мәліметінше, өз еркімен келіп, анонимді түрде, көпшіліктен жабық, жасырын ем қабылдаған азаматтар есепке алынбайды. Ал өзгелері тіркеуге алынып, 5 жыл есепте тұрады. Статистика бойынша, науқастардың 30%-ы толықтай сауығып, есептен шығарылады.

Сөзінің қорытындысында Тоқтар Төлеуханұлы жастар мен жасөспірімдерге есірткіден сақтану үшін дұрыс орта таңдауға, спортпен айналысуға, пайдалы істермен шұғылдануға кеңес берді. Сондай-ақ, өмірдегі сынақтарды алдамшы ләззатпен емес, сабырмен, ерік-жігермен, нақты іс-әрекет және парасатты шешімдермен еңсеруге шақырды. Одан бөлек, қандай да бір қиындыққа тап болған жақындары жаман жолға түсіп кетпеуі үшін әр адамды ондай туысына жанашырлақ, қамқорлық танытуға, сөзін тыңдап, қолдау білдіруге үндеді.

Заңсыз есірткі саудасымен күрес қалай жүріп жатыр

Дәрігерлер есірткіге тәуелді нашақорларды сауықтырамыз деп тер төгіп жатса, ал полицейлер заңсыз есірткі саудасымен күресіп келеді. ҚР Ішкі істер министрлігі нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар құрып, Премьер-Министр Олжас Бектенов оны бекіткен. Бүгінде еліміздегі тәртіп сақшылары осы құжат аясында жұмыс істеп жатыр.

Мәселен, елорданың өзінде биыл заңсыз есірткі айналымына қатысты 446 құқықбұзушылық анықталған. Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Әлия Қибатқызының айтуынша, оның 161-і – есірткіні заңсыз сатумен айналысқан азаматтарға қатысты істер.

Сонымен қатар, жыл басынан бері Астанада 71 келі әртүрлі есірткі заттары тәркіленген. Былтыр бұл көрсеткіш 101 келі болыпты.

Маманның сөзінше, қазір каннабистік және апиындық есірткілерге сұраныс төмен. Себебі, соңғы 8 жылда синтетикалық есірткілер кең тараған.

– «Синтетиканың» бағасы арзан емес және оның нашақорға беретін әсері марихуана, гашиш, героинға қарағанда анағұрлым күшті. Сондықтан заңсыз есірткі саудасымен айналысатындар ауқатты отбасынан шыққан жастарды есірткі тұтынуға көп тартады, – дейді ол.

Фото: Әлия Қибатқызының жеке мұрағатынан

Ал психотроптық заттарды сатуға және таратуға қарау ниетті жандар 16-30 жас аралығындағы ақыл тоқтата қоймаған әрі қалтасы жұқа жастарды қызықтыруға тырысады. Ол үшін аптасына мың долларға дейін ұсынып, «мәрттік» танытады. Бірақ оның бәрі – қақпан. Ондай ірі сома бермек түгілі, кейде тіпті ақшасын мүлде төлемей қойып жатады.

– Біз мектеп, колледж, университеттерге жастармен кездесуге барғанда, әрдайым ескертеміз. Есірткі таратушының «мансабы» әрі кетсе, 1-2 айға ғана созылады, сосын құрықталады. Ешкім 1-2 жыл «закладчик» болып жүре алмайды, тез қолға түседі, – дейді бұл салада 15 жылдық тәжірибесі бар Әлия Қибатқызы.

Фото: Kazinform / ЖИ көмегімен жасалды

Оның сөзінше, есірткі тұтыну, тарату, сатудың алдын алу үшін биыл елордада 300-ден астам іс-шара және түрлі кездесу ұйымдастырылған. Оқу орындарында жастарға түсіндіру және кеңес беру үшін өтетін жиындарға спортшы, әнші, блогер тәрізді танымал тұлғалар да қатысады.

Айта кетейік, бұған дейін есірткіге қарсы күрес тұтас республикада қалай жүріп жатқаны жөнінде де жазғанбыз. ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 466 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп.

– Есірткі өндірісі барған сайын ауылдық жерлерге ауысуда. Жойылған он есірткі зертханасының жетеуі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Сонымен қатар заңды тауар ретінде көрсетіліп, елге контрабандалық жолмен әкелінетін прекурсорларды жеткізу арналарының жолы кесілуде. Жалпы көлемі 11 тоннадан астам прекурсор тәркіленді. Олардың көмегімен шамамен 1,5 тонна синтетикалық есірткі өндіруге болар еді, – деген болатын министр жуырда Үкіметте өткен отырыста.

Түнгі клубтардағы қауіпті әуестік

Астана полициясына соңғы уақытта түнгі клубтарда азот тотығы шарға үрленіп сатылатыны жөнінде ақпарат түскен. Арнайы рейдтер нәтижесінде мұндай фактілер расталған.

Аталған газ, негізінде, медицинада наркоз және анестезия үшін қолданылады. Дегенмен, ойын-сауық орталықтарында оны қыз-жігіттер шардан демалып, ішке жұту арқылы психотроптық зат ретінде пайдаланып жүр. Себебі, лезде көңіл-күйді көтеріп, рахат сыйлап, масайтады екен. Жастар арасында оған, тіпті, «ойын-сауыққа арналған газ» және «күлдіретін газ» деген атаулар берілген. Бірақ осы бір сәттік алдамшы ләззаттың ауыр салдары жөнінде желөкпе жастар ойланбайды. Азот тотығы жүйке, психика және жүрек-қан тамыр жүйесіне өте зиян.

Фото: Kazinform / ЖИ көмегімен жасалды

– Түнгі клубтарда тұрақты түрде рейдтер жүргіземіз. Жыл басынан бері азот тотығын сату бойынша 30 қылмыстық іс қозғалды. Аталған газ толтырылған жүзден астам баллон тәркіленді, – дейді Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Әлия Қибатқызы.

Қорыта айтқанда, есірткі иірім секілді. Бір рет жақындаған кісінің өзін жаңқа құрлы көрмей, тартып әкетіп, тұңғиыққа батырады, құрдымға кетіреді. Талай жыл есірткі қолданған нашақорлардың өзі осы кеселге жуығаны үшін бармағын шайнай өкініп, «аһ» ұрады. Өйткені, есірткінің алары көп (адамның денсаулығы, жастығы, болашағы, тіпті өмірі), ал берері жоқ. Сондықтан дәрігерлер психотроптық заттың дәмін татып көруден де аулақ болуға шақырады. Ал полицейлер жастарға есірткі сату мен таратуға жоламау керектігін ескертеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда есірткіге қарсы республикалық операция басталғанын жазғанбыз.