Шанхай ықпалы
Бұл күндері Бішкекте бірден екі ірі шара өтіп жатыр – ШЫҰ мемлекеттері басшыларының мерейтойлық саммиті және VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. 1996 жылы Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан құрған «Шанхай бестігінен» бастау алған Шанхай ынтымақтастық ұйымы кейін Үндістан мен Пәкістанның қосылуы арқылы ауқымын кеңейтті. Осылайша ұйым өңірлік бірлестік шеңберінен шығып, халықаралық деңгейдегі ірі құрылымға айнала бастады.
2024 жылы Астанада өткен саммитте ШЫҰ алғаш рет он мемлекеттен тұратын ұйым ретінде қалыптасты. Беларусь Республикасы ұйымға толыққанды мүше болып кірді. Бұл бірлестіктің саяси салмағын арттырып, әлемдік ынтымақтастық жүйесіндегі рөлінің күшейе түскенін көрсетті.
Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары Манарбек Қабазиев Шанхай ынтымақтастық ұйымын қалыптасып келе жатқан көпполярлы халықаралық қатынастар жүйесінің ең елеулі тетіктерінің бірі деп бағалайды. Сарапшының пікірінше, ШЫҰ-ны БҰҰ, ТМД немесе ЕАЭО-ға балама ретінде қарастыруға болмайды. Өйткені бұл ұйымдардың міндеті, өкілеттігі мен өзара іс-қимыл тетіктері мүлде бөлек.
– Ең алдымен, ШЫҰ – саяси диалог пен Еуразия мемлекеттерінің өзара іс-қимылына арналған кең ауқымды алаң. Мұнда саяси жүйесі, экономикалық үлгісі, өркениеті мен мәдени ерекшелігі әр түрлі елдер бас қосып отыр. ШЫҰ-ның ерекшелігі де осында. Ұйым мемлекеттерден саяси немесе экономикалық жүйелерін бір үлгіге түсіруді талап етпейді. Өзара ықпалдастықтың негізіне егемен мемлекеттердің теңдігі, бір-бірін құрметтеу, ортақ келісімге келу, ішкі мәселелерге араласпау және өзара тиімділікті көздеу қағидаттары алынған. Бұл ұстаным «Шанхай рухы» деген ұғыммен түйінделеді, – дейді Манарбек Қабазиев.
ШЫҰ аясында мемлекеттердің мүдделері ғана тоғыспайды. Мұнда әр халықтың тарихи тәжірибесі мен құндылықтары да өзара сабақтасады. Соның нәтижесінде басқа интеграциялық жобаларды қайталамайтын, өзіндік мәдени негізге сүйенген жаңа үлгі қалыптасып келеді. Яғни алуандық бірлестіктің әлсіз тұсы емес, керісінше, оның басты артықшылығына айналып келеді.
– ШЫҰ-ның маңызды ерекшелігі – ұйымға мүше мемлекеттерден саяси немесе идеологиялық тұрғыдан біркелкі болу талап етілмейді. Мысалы, Еуропалық одақта бір-бірімен өткір қақтығыста тұрған елдердің бір ұйымға қатар мүше болуы мүмкін емес. Ал ШЫҰ құрамында Үндістан мен Пәкістан, Үндістан мен Қытай арасында шекараға қатысты оқиғалар мен тарихи қайшылықтар бола тұра, олар бір ұйымның мүшесі болып отыр. Тағы бір назар аударарлық жайт – жиырма жылдан астам уақыт ішінде ШЫҰ аясында ортақ нарық немесе ортақ валюта одағы құрылған жоқ. Оның есесіне ондаған екіжақты және көпжақты инфрақұрылымдық бастама жүзеге асты, – деп атап өтті Философия, саясаттану және дінтану институтының Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері Руслан Изимов.
Манарбек Қабазиев мерейтойлық саммиттің VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарымен қатар өтуі де тегін емес деп топшылайды.
– ШЫҰ – Еуразиядағы түрлі мемлекеттерді, мәдениеттер мен өркениеттерді тоғыстыратын ұйым. Ал Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – Еуразия кеңістігін шекара емес, адамдардың қарым-қатынасы, сауда-саттығы, мәдени байланысы мен өзара ықпалдастығы табиғи түрде өрбіген орта ретінде қабылдаған халықтардың тарихи мұрасы. Сондықтан Бішкекте осы екі шараның қатар өтуі өте әсерлі бейне қалыптастырады: Еуразия бір мезетте өзінің өткеніне де, болашағына да көз салып отыр, – дейді Манарбек Қабазиев.
ШЫҰ жаңғыруының бастауында тұрған Қазақстан
Қазақстан үшін ШЫҰ – Еуразиядағы ынтымақтастық жүйесінде дипломатиялық құндылықтар мен экономикалық мүдделер тоғысатын маңызды алаң. Еліміздің ұйым аясындағы тұрақты басымдықтарының бірі – оның ішкі жүйесін жаңарту. Халықаралық жағдай күрт өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде Астана ұйымның жұмыс тетіктерін жетілдіруге және олардың тиімділігін арттыруға басымдық беріп отыр. Қазақстан ШЫҰ-ны жаңғырту, ұйым институттарының жаңа сын-қатерлерге – геосаяси дағдарыстарға, технологиялық өзгерістерге және жаһандық экономикалық қауіптерге жедел жауап бере алатындай болуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі ұстаным қалыптастырды.
Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық еткен 2023-2024 жылдарда ұйымды жаңғырту үдерісі басталды. Оның мақсаты – ШЫҰ институттарының орнықтылығын күшейту, қабылданатын шешімдердің тиімділігін арттыру және мүше мемлекеттер арасындағы нақты ынтымақтастықты кеңейту. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық тұрақсыздық жағдайында ШЫҰ жаңа геосаяси және экономикалық ахуалға дер кезінде бейімделуі қажет екенін үнемі атап келеді.
Мысалы, 2024 жылы Астананың ұсынысымен «Әділетті бейбітшілік, келісім және даму жолындағы әлемдік бірлік туралы» ауқымды декларация қабылданды. Құжаттың қамту аясы өте кең болды. Онда жаһандық тұрақсыздық жағдайындағы сенім, тұрақтылық және қауіпсіздік қағидаттары бекітілді. Кейін бұл құжат ШЫҰ-ның әлемдік күн тәртібіне қосқан ресми үлесі ретінде БҰҰ Бас Ассамблеясына ұсынылды.
Қазақстанның белсенді қатысуымен және серіктес елдердің қолдауымен жүзеге асқан өзге де маңызды бастамалар бар. Олардың қатарында ұзақ мерзімді бағыттарды айқындайтын 2035 жылға дейінгі ШЫҰ даму стратегиясы, халықтың негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасы, шекарадағы сенім мен өзара іс-қимылды нығайтатын шекаралық ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы күрес бағдарламасы бар. Соңғысы жаһандық қауіп-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру мүмкіндігін күшейтеді.
Қазақстан ұсынған ШЫҰ-ны жетілдіру бастамасы бүгінде ұйымға мүше мемлекеттер арасында белсенді талқыланып, пысықталып жатыр. Оның негізгі мақсаты – бірлестіктің нақты нәтижелерін арттыру және оның Еуразия кеңістігіндегі халықаралық ынтымақтастықтың негізгі орталықтарының бірі ретіндегі рөлін күшейту.
Бұл бағыттағы маңызды міндеттердің бірі – ұйым қызметінің экономикалық қырын күшейту. Бұл қыр экология мәселесімен де тығыз байланысты. Орталық Азия бұл тұрғыда аса осал өңір саналады. Климаттың өзгеруі, шөлейттену, су қорының азаюы және қоршаған ортаның ластануы өңірдің дамуына қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан су қауіпсіздігі стратегиялық маңызға ие. Өйткені экономика, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік тұрақтылық арасындағы тепе-теңдік көп жағдайда су ресурстарына байланысты.
Осы орайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің су мәселелерін зерттейтін орталық құру туралы бастамасына ерекше назар аударған жөн. Жаңа құрылымның міндеті – мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру, су ресурстарын тиімді пайдаланудың озық технологиялары мен тәжірибесімен алмасуды жолға қою және осы салада бірлескен инновациялық шешімдерді енгізу.
Манарбек Қабазиев атап өткендей, ширек ғасыр ішінде ШЫҰ мемлекеттер арасында өзіндік сенім мен өзара іс-қимыл жүйесін қалыптастыра алды. Ұйым әртүрлі елдер арасындағы саяси диалог мәдениетін орнықтырды, Өңірлік терроризмге қарсы құрылым арқылы қауіпсіздік тетіктерін күшейтті, экономика мен көлік байланысының негізін қалады. Сонымен бірге университеттер арасындағы бағдарламалардан бастап мәдени және спорттық жобаларға дейінгі гуманитарлық ынтымақтастықтың аясын кеңейтті.
– Сондықтан ұйымның 25 жылдығы – оның қалыптасу кезеңінен сапалық жаңару мен нақты нәтижеге бағытталған жаңа кезеңге өтуін білдіретін меже. Бұл ұстаным ШЫҰ-ны тұрақтылығын сақтап қана қоймай, жаңа сын-қатерлер жағдайында өзгерістерге бейімделуге дайын, тірі әрі дамып келе жатқан ұйым ретінде көрсетуге мүмкіндік береді, – дейді сарапшы.
Цифрлық қауіпсіздік кеңістігі
2026 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2035 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес бірнеше негізгі бағытты айқындады. Ең алдымен, өзара сенім мен тату көршілікті нығайтуға басымдық беріліп отыр. Мүше мемлекеттер өзара қарым-қатынасты теңдік, егемендікті құрметтеу және бір-бірінің мүддесін ескеру қағидаттары негізінде құруға ұмтылады.
Қауіпсіздік мәселесі де маңызды бағыт болып қала береді. ШЫҰ терроризмге, экстремизмге, сепаратизмге, есірткі мен қарудың заңсыз айналымына, трансұлттық қылмыс пен заңсыз көші-қонға қарсы бірлескен жұмысты жалғастырып келеді. Бұл бағытта Терроризмге қарсы орталық және Қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталық секілді арнайы құрылымдар жұмыс істейді.
Экономикалық ынтымақтастық сауда, инвестиция, көлік, энергетика және цифрлық экономика салаларында дамып келеді. Бұл бағыттағы бастамалардың қатарында ШЫҰ Даму банкін құру және 2026–2030 жылдарға арналған көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру бар.
Алайда негізгі басымдық цифрландыруға беріліп отыр. Өйткені өзге ынтымақтастық бағыттарының басын біріктіретін өзек те осы салаға айналып келеді. Сондықтан цифрландыру мерейтойлық саммитте болашағы зор бағыт ретінде айқындалды. Технология күн санап өзгеріп жатқан қазіргі жағдайда өңірдің бәсекеге қабілеттілігі мен ШЫҰ-ның алдағы даму мүмкіндігін де цифрлық күн тәртібі айқындайды.
– Меніңше, ШЫҰ-ның алдағы он жылдағы дамуының негізгі мүмкіндіктерінің бірі дәл осы салада жатыр. Бұрын Еуразияның өзара байланысын қамтамасыз етудің басты шарты физикалық инфрақұрылым болса, бүгінде цифрлық платформалардың өзара үйлесімділігі, электронды көлік құжаттары, цифрлық кеден, жүк қозғалысын бақылау, электронды сертификаттар, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және трансшекаралық сауда туралы сөз болып отыр, – дейді Манарбек Қабазиев.
Сарапшының айтуынша, бұл Қазақстан үшін айрықша маңызды. Еліміз халықаралық логистикада цифрлық шешімдерді жүйелі түрде дамытып келеді. Олардың қатарында Smart Cargo, электронды құжат айналымы және жүктерді сүйемелдеудің цифрлық құралдары бар.
– Сондықтан ШЫҰ жүк бірнеше шекарадан өтетін кезде бүкіл үдеріс біртұтас цифрлық жүйе арқылы жүзеге асатын алаңға айнала алады. Бұл Транскаспий халықаралық көлік бағыты, «Шығыс – Батыс» дәлізі, «Солтүстік – Оңтүстік» бағыты және Азия, Орталық Азия, Кавказ, Ресей, Таяу Шығыс пен Еуропа нарықтарын байланыстыратын өзге де көлік бағыттары үшін аса маңызды. Қазақстан Еуразияның транзиттік торабы ретіндегі рөлін жүйелі түрде күшейтіп келеді. 2025 жылы Қазақстан аумағы арқылы өткен транзиттік жүк көлемі 36,9 млн тоннаға жетті, – деп атап өтті Манарбек Қабазиев.
Қазақстан ШЫҰ-ға мүдделер теңгеріміне, мемлекеттердің егемендігін құрметтеуге және өзара тиімді көпжақты ынтымақтастыққа негізделген даму үлгісін ұсынып отыр. Әлемдік саясат бөлшектеніп, әр тарап өз бағытын айқындап жатқан қазіргі жағдайда мұндай ұстанымның маңызы арта түседі.
Осылайша, Бішкекте өтіп жатқан ШЫҰ-ның мерейтойлық саммиті саяси диалогты дамыту тұрғысынан ғана емес, ұйымды цифрлық тұрғыдан жаңғырту бағытында да маңызды кезең болмақ.