Мұндай пікірді тәжікстандық саясаттанушы, халықаралық қатынастар және Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сарапшы Шерали Ризоён Душанбеде Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне берген сұхбатында айтты.
— ШЫҰ кеңістігінде өңір елдері «Орталық Азия – ШЫҰ-ның өзегі» деген дискурсты жетілдіріп жатыр. Мұны Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның ұйымды құруға, қалыптастыруға және дамытуға белсенді қатысуы айқын көрсетеді. ШЫҰ-ның кеңеюі, «ШЫҰ » форматының құрылуы және жаңа серіктестердің тартылуы ұйымның өз аймағындағы беделді құрылымдардың біріне айналуына жол ашты, – деді сарапшы.
Саясаттанушы соңғы 25 жыл ішінде ШЫҰ-ның өңір елдері үшін саяси, экономикалық және қауіпсіздік салаларында, сондай-ақ көлік-транзит пен мәдени-гуманитарлық байланыстар бағытында маңызды рөл атқарғанын атап өтті.
Оның пікірінше, ендігі кезеңде Орталық Азия мемлекеттері алдында бірнеше негізгі міндет тұр:
Біріншіден, жаһандық үдерістерге белсенді араласып, стратегиялық тепе-теңдікті сақтау қажет. ШЫҰ-ға мүше болу Орталық Азия мемлекеттеріне болашақ даму күн тәртібін қалыптастыруға негіз жасап, Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан және Иранмен көпжақты форматтағы байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ұйым аясындағы ынтымақтастық ірі және орта державалармен қарым-қатынас орнату кезінде стратегиялық тепе-теңдікті сақтауға септігін тигізеді.
Екінші экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық факторын атауға болады.
— Соңғы жылдары ШЫҰ-ға мүше басқа мемлекеттер Орталық Азия елдерімен екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықты қайта зерделеп, оны жаңа бағыттармен толықтырып келеді. Өңір мемлекеттері үшін басты мақсат – қосылған құны жоғары өндірістік тізбектер құруға инвестиция тарту. Сонымен қатар Орталық Азияның барлық елі ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі жұмысты жандандыруды қолдайды. Мұндай банк ұйым кеңістігіндегі өндірістік, инфрақұрылымдық, көлік-транзиттік және басқа да жобаларды қаржыландыруды жеңілдетуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Шерали Ризоён.
Үшіншіден, технологиялар, жасанды интеллект және адам әлеуетін дамыту салаларындағы ынтымақтастық маңызды. Өңір елдері үшін бұл бағыттардағы серіктестіктің мәні зор. Себебі Орталық Азия мемлекеттерінде жас адам әлеуеті, стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар қоры және қалыптасып келе жатқан көлік-транзиттік әлеует бар. Осы салалардағы көп бағытты ынтымақтастық бір мемлекетке тәуелді болу қатерін азайтып, тұрақты дамуға қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға жол ашады.
Сарапшының пікірінше, ШЫҰ-ның Орталық Азия елдері үшін басты ерекшелігі – Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан және Иранмен бір алаңда көпжақты ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік беруі. Бұл елдер әртүрлі салаларда айтарлықтай әлеуетке ие. Дәл осы жайт ШЫҰ-ны аймақ елдері қатысатын басқа ұйымдар мен форматтардан даралап тұрады.
– ШЫҰ-ға мүше болу және ұйым жұмысына белсенді қатысу өңір елдерінің геосаяси аренадағы маңызын арттырып, халықаралық қатынастарда дербес ойыншы ретінде әрекет етуіне мүмкіндік береді. Ірі мемлекеттер мен өңірлік бірлестіктерді қамтитын «Орталық Азия » форматының 12 елге дейін кеңеюі – осының дәлелі, – деді сарапшы.
Сөз соңында сарапшы ШЫҰ-ның маңызды рөлін атап өтіп, өңір елдері қол жеткізген келісімдерді нақты іске асыруға көбірек көңіл бөлуі қажет екенін айтты. Әсіресе көлік пен транзит саласындағы келісімдерді жүзеге асыруға басымдық берген жөн.
– Биыл Қазақстан мен Қырғызстанның Қытай арқылы Пәкістанмен транзиттік сауда жүргізе бастағанына куә болдық. Осылайша Қытайдың көлік инфрақұрылымы Орталық Азия елдеріне Пәкістан порттарына шығуға, Үндістанмен ынтымақтастықты дамытуға және Оңтүстік Азиямен көлік байланысын орнатуға мүмкіндік береді, – деп қорытындылады Шерали Ризоён.
Бұған дейін хабарланғандай, 1 қыркүйекте Қырғызстан астанасында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтеді.