ШҚО әкімі Д.Ахметов Мәжіліске баруға дайын екенін айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өткен «Нұр Отан» саяси партиясының кезектен тыс XVII съезінде Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімі бекітілді. Бұл тізімде Шығыс Қазақстан облысының қазіргі әкімі Даниал Ахметовтің де аты-жөні бар. Журналистерге пікір білдірген Д.Ахметов алдымен әкім ретінде съезде айтылған мәселелерді халыққа жеткізу міндеті тұрғаны туралы айтты.

«Съездің жұмысы өте жемісті болды. Партиялықтардың алдында үлкен міндет тұр. Ең бірінші міндетіміз - бүгін съезде айтылған мәселелерді, қабылданған шешімдерді халыққа жеткізу.  Даму бағдарламамыз, Президент айтқан бес институттық реформа бар, халықтың қолдауы бар,  сондықтан, партиямыздың жоспарлары орындалатынына және жетістікке жетеніне сенімдіміз»,-деген ШҚО әкімі «Мәжіліске баруға дайынсыз ба?» деген сұраққа: «Бұл әрине, партиялық шаруа.  Әрине, Мәжіліске баруға дайынмын. Дегенмен, болашақты болжау әзірге ерте»,-деп жауап берді.

Естеріңізге сала кетейік, партиялық тізімге белгілі боксшы Геннадий Головкин мен әлем және Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Илья Ильин енді. Сонымен қатар, еліміздің танымал әншілері Қайрат Нұртас пен Жанар Доғалова, Айман Мұсақожаевалар өтті. Бірқатар министрлер мен әкімдер, ұлттық компания басшылары да партиялық тізімге енген. Мәселен, министрлер арасында Арыстан Мұхамедиұлы, Бақыт Сұлтанов, Үкімет басшысының орынбасары Дариға Назарбаева, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулиндер де бар. Облыс әкімдері, солардың ішінде Бердібек Сапарбаев, Сергей Кулагин, Алик Айдарбаев, Амандық Баталов, Даниал Ахметовтер енді.