ШҚО әкімі жұмыс сапарымен Семейде жүр, мұнда бүгін бірқатар әлеуметтік нысандар ашылады

ӨСКЕМЕН. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Семей қаласына жұмыс сапарымен барды, мұнда бірқатар әлеуметтік нысандарды тапсыру жоспарланып отыр.

Олардың қатарында - Холодный ключ кентіндегі №48 жаңа мектеп, №5 мектеп-гимназия, онкологиялық диспансер мен ЖЭО-1 бар, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

411 адамға арналған жалпы білім беру орта мектебінің құрылысы 2008 жылы басталған еді. Құрылыс республикалық бюджет есебінен жүргізіліп, нысанның жалпы құны 440 млн. теңгені құрады.

Шәкәрім атындағы №5 мектеп-гимназия жұмысшы жастардың мектебі ретінде 1924 жылы құрылғандықтан, тек 1975 жылы 760 орындық жаңа ғимаратқа ие болды. Білім және ғылым министрінің 2007 жылғы тамыздың 7-сіндегі №387 бұйрығына сәйкес мектепке «үш тілді білім беретін дарынды балаларға арналған мектеп» мәртебесі берілді. Оқыту тілі - қазақша, оқушылар саны 1 181. Гимназиядағы 2010 жылғы ҰБТ орташа баллы 104,9-ды құрады. Аттестациялау қорытындысы бойынша биылғы жылы екі түлек «Алтын белгі» алып, өзге төртеуі ерекше үлгідегі аттестатқа ие болды. Үстіміздегі жылы «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру аясында мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді.

Семей қаласының аймақтық онкологиялық диспансеріне келетін болсақ, аталмыш мекеме 609,1 мыңнан астам халқы бар Семей мен Курчатов қалаларының, алты аудан ауылдарының аумағына қызмет көрсетеді. Диспансер 4 корпусқа орналастырылған. 1978 жылы салынған бас корпустың ғимараты типтік болып келген. Мекемеге 2003-2006 жылдары жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2010 жылғы диспансер бюджеті 515 125,8 мың теңгені құраған. ҚР Үкіметі қаулысының негізінде республикалық бюджеттік бағдарлама аясында радиологиялық орталықтың құрылысы жүріп жатыр.

Облыс әкімінің ат басын бұрған тағы бір нысанына тоқталатын болсақ, Семей қаласының жылу беру жүйелерін жетілдіру жөніндегі бағдарлама аясында 2009 жылы КВТ-116-150 су ысытатын екі қазаны мен көмекші құрылғысы бар «Семей қаласының ЖЭС-1-дегі су ысытатын қазанның құрылысы» атты жобаның жүзеге асырылуы басталған болатын. Жобаның жалпы құны 7,9 млрд. теңге.

Ал жылу беру маусымына дейін су ысытатын қазанды пайдалануға беру - шешімі табылмаған мәселеге айналып отыр.