ШҚО-да азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 30-ға жуық кәсіпкер жауапқа тартылды

Фото: Saudagovkz

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 30-ға жуық кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

ШҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау күшейтілген.

— Жыл басынан бері саудагерлер тарапынан 155 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Оның 77-сі әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын негізсіз көтеруге қатысты. Тексеру нәтижесінде 50 кәсіпкерге ескерту жасалды, ал 27-сіне айыппұл салынды, — делінген ақпаратта.

Азық-түлік бағасын бақылау үшін облыста 125 мониторингтік топ жұмыс істейді. Бағаның өсуін тежеу мақсатында қандай жұмыс атқарылып жатқандығын ШҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан мәлім етті.

— Өңір аумағында 425 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тауарлар халыққа қолжетімді бағада сатылды. 27 сауда орнында тұрақтандыру қорының тауарлары төмендетілген бағамен сатылуда. Ондағы бағалар келесідей: күріш — 423 тг/кг, қарақұмық — 177 тг/кг, күнбағыс майы — 706 тг/кг, қант — 424 тг/кг, рожки — 299 тг/кг, — делінген мәліметте.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстан өңірлерінде зімбір мен бал бағасы қанша екендігін жазғанбыз