Кездесу барысында Өскеменде 300 орынға арналған көп салалы аурухана мен Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы талқыланды.
«Ұзындығы 2 шақырым болатын көпір құрылысы үшін құжаттар толық дайын. Енді тезірек іске кірісу керек. Ауруханаға келсек, қазіргі кезде барлық мәселелер ҚР Денсаулық және әлеуметтік дамыту министрлігімен бірлесе талқыланып жатыр», - деді Б.Сапарбаев. POSCO e&c ТМД елдері бойынша өкілі Хон Дан Кван облыс әкіміне көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді. «Аймақта жаңа көпір мен заманауи клиниканың салынуы үшін бар күшімізді саламыз», - деп сендірді Хон Дан Кван. «TEC Simecheon» инвестициялық компаниясының өкілі Хер Нам Чер де қазақстандық тараппен бірлесіп қызмет етуге дайын екенін білдірді. «POSCO e&c» өндірістің түрлі салаларында, соның ішінде болат құю өндірісінде жұмыс істейтін әлемдегі ең табысты 40 құрылыс-өндірістік компаниялардың тізіміне кіреді.