ШҚО-да екі қаржы пирамидасына кірген 250 адам 400 млн теңге шығынға батты

Фото: Фото: Александр Павский/Kazinform

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында биыл екі қаржы пирамидасына кірген 250 адам 400 млн теңгесінен айырылды.

ШҚО Экономикалық тергеу департаменті жыл басынан бері 4 қаржы пирамидасын анықтап, заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойды. Екі аяқталған іс бойынша алданған адамдардың саны 250-ге жеткен. Халыққа барлығы 400 млн теңге шығын келтірілді. Бұл туралы департамент басшысы Айдын Молдабеков мәлім етті.

- «Chia Tai-Tianqing Pharmaceutical» және «Eolus» сияқты компаниялар фармацевтика мен жаңартылатын энергетика салаларына ақша құюға шақырған. Осылайша, халықтың әлеуметтік осал топтарын мол табыс табуға болатынын айтып алдады. Қаржы пирамидаларының негізгі белгілері келесідей: адам тарту арқылы төлем алу, интернетте белсенді жарнама жүргізу, компанияның Қазақстанда тіркелмеуі немесе жақында тіркелуі, ақшаны бейресми төлем жүйелері арқылы қабылдау, - дейді ол.

Күмәнді компанияларды тексеру үшін «Baiqa, piramida!» телеграм-боты жасалған. Онда компанияның БИН-ін немесе сайтының сілтемесін енгізіп, тәуекелдер туралы ақпарат алуға болады.

Еске салсақ, осыған дейін Маңғыстау облысында «Sax Invest» қаржы пирамидасы бөлімшесінің басшысы ұсталғаны хабарланған.