ШҚО-да электр желісінің шамадан тыс жүктелуі салдарынан 150 рет өрт шықты

Фото: pixabay

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері жер үйлерде 427 өрт болды. 

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, өрттердің үштен бірі электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбаудан және тозығы жеткен сымдардан шыққан.

Көбінесе тұрғындар үйден шығарда электр құралдарын өшірмей қалдырып кетеді немесе ескі сымдарды қолдана береді. Сондай-ақ электр құрылғыларын жанғыш заттардың қасына қойып жатады. Ал бұл өте қауіпті.

— Қазір электр желілеріне түсетін жүктеме бірнеше есе артты. Әр үйде жаңа теледидар, кондиционер, кір жуғыш машина мен электр плитасы бар. Бірақ жаңа техника сатып аларда көпшілік ескі сымдар оны көтере ала ма, жоқ па дегенге көңіл бөлмейді, — деді ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.

Еске салсақ, осыған дейін Алматы облысында өрт салдарынан 2 адам мерт болғаны хабарланған