ШҚО-да сот орындаушысы 620 млн теңгені иемденіп кетпек болған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі аса үлкен көлемде заңсыз ақша аударымын жасаған жеке сот орындаушының ісін сотқа жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Экономикалық тергеу қызметінің мәліметінше, жеке сот орындаушы қаржы полициясы қызметкерінің атынан Д. есімді азаматтың атындағы есеп айырысу шотына салынған тыйымды алып тастау туралы жалған құжат жасаған. Сол арқылы шоттағы 620 млн теңге сот орындаушының нұсқауымен жалған тұлғаның шотына жіберіледі. Құқық қорғау қызметінің өкілдері сот орындаушыны 130 млн теңгені шешіп алып, көлігіне тиеп жатқан сәтінде ұстаған.

«Қазір заңсыз аударылған ақша бұғатталды. Сот үкімі бойынша күдікті 5 жылға бас бостандығынан айырылып, 10 жылға сот орындаушысы қызметтен шеттетілді» - делінген экономикалық тергеу қызметінің мәліметінде.