Уақыттың алдында жаратылыс біткен дәрменсіз. Таулар мүжіледі, тоңдар жібиді, дариялар суалады. Тіпті, алпыс екі айлалы деген адам баласы да оның алдында қауқарсыз. Адам қолынан туындаған ғажайып өнертабыстардың өзі уақыты жеткенде өзектілігін жойып жатқан жоқ па? Уақыттың осы бір бұлтартпас сынына бағынбайтын теңдессіз туынды Шығыс Қазақстанның Серебрянск қаласында тұр. Ол - Бұқтырма су электр стансасының бөгеті.
Нысанның сиқыры неде дейсіз ғой? 2002 жылы Лондонда дүниежүзілік атлас басылып шыққан. Сол атласта аталмыш нысан әлемдегі нөмірі бірінші тоған ретінде белгіленеді. Әлем ғалымдарын бөгендегі бетонның беріктігі таңдандырса керек. Зерттеушілер тоғанның 60 нүктесінен бетон сынамаларын алып, 2 тәуелсіз зертханаға талдауға жібереді. Ауызы дуалы деген 2 зертхана мамандарының мәлімдемесі де бір жерден шыққан: Бетон сынамаларының беріктігі 1968 жылы қолданысқа берілген кездегі көрсеткіштен әлдеқайда жоғарылаған.
Бүгінгі таңда теңдессіз технология деп мойындалған «қатты бетонның» авторы - Михаил Инюшин болатын. Ол ұсынған бетон суда неғұрлым көп тұрған сайын қатая түсетін қасиетке ие. 1953 жылы су бөгенінің құрылысын қабылдап алған жаңашыл ғалым осыған дейін қолданылып келген «жұмсақ бетоннан» бас тартады. Себебі, Алтайдың 50 градустық аязында аталмыш бетондар шыдас бермей, бір жылдың ішінде шытынап шыға келетінін жақсы түсінген болатын. Ол сондай-ақ, аталмыш құрылысқа бірінші рет «қалқыма көпірді» ойлап тауып, қолданды. Оның ұтымдылығын көрген өзге құрылысшылар да бұл әдісті іліп әкетсе, қатты бетонға деген күмән ғалымның көзі жұмылғанша сейілмепті.
Михаил Инюшиннің ұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы Виктор Инюшин сол кезді былай деп еске алады: «Ол кезде жоғарыдан келген нұсқауға бағынбау деген мансабыңа балта шабумен бірдей болатын. Бірақ мәселенің екінші жағында тұтас бір өңірдің тағдыры тұрды. Алып бөген бұзылса, жиналған су елді мекендерді жермен жексен етуші еді. Ондай тәуекелге бармас үшін тың технология ойлап табу керек болды. Осылайша «қатты бетон» технологиясы Өскеменде бірінші рет құрылысқа пайдаланылды. Қазір осы тәріздес құрылыстың ешбірі де Инюшиннің қатты бетонынсыз салынбайды» - дейді әмбебап ғалым.
Айта кетерлігі осынау бөгеттің арқасында Ертістің арнасы кеңейіп, Зайсан көлінің тереңдігі 5-6 метрге, су көлемі үш есеге артқан деген дерек те айтылады. Бір анығы, өзенге жақын орналасқан бірнеше елді мекен су астында қалып, адамдары шұғыл түрде көшірілген. Қазір Зайсан көлі мен Ертістің 530 шақырым аңғары Бұқтырма су қоймасына кіреді. Соның арқасында Бұқтырма су қоймасы сыйымдылығы жөнінен әлемдегі бесінші жасанды қойма саналады.
Осы бөгеттің басындағы Бұқтырма су электр стансасының жұмыс істей бастағанына 12 тамыз күні тура 50 жыл толды. Сол сәттен бері мұнда жылына 2,77 млрд кВт/сағ электр қуаты өндіріліп келеді. Қазақстан көлемінде су көздерінен 11,3 млрд кв/сағ энергия алынатынын ескерсек, Бұқтырма СЭС-нің үлесі 24,5 пайызды құрайды екен.
2008 жылдан бері бұл нысанның негізгі иесі «Самұрық Энерго» АҚ болып саналады. Дегенмен оны басқару 1997 жылы «Қазцинк» ЖШС-не концессиялық келісім арқылы берілген. Ол шарттың мерзімі 2022 жылы бітеді. Қазір алпауыт компания иелігіндегі стансадан өндіріске қажет энергия өндіріп қана қоймай, артылғанын Ресейге экспорттап отыр. Жалпы, Шығыс Қазақстан өңірі бір өзінде 3 бірдей су электр стансасы бар жалғыз облыс. Оның үшеуі де Ертіс өзенінің бойында жатыр.