ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Бұқтырма су қоймасында «Қызыл Ту» өткелінде қатынайтын «Ертіс» паромы істен шықты. Бұл туралы облыс әкімдігінен мәлім етті.
«Ертіс» паромының істен шығуына байланысты 15 қазан күнгі сағат 7:00-ден 14:00-ге дейін «Қызыл Ту» паром өткелінің жұмысы тоқтатылды. Қазіргі уақытта жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Паром жұмысы жайлы нақты ақпарат кейін белгілі болды», - делінген хабарламада.
Өткелде «Одесса» моторлы кемесі белгіленген кесте бойынша қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
Айта кетейік, «Қызыл Ту» өткелі Шығыс Қазақстандағы Самар мен Күршім аудандарын жалғап тұр. Қазір сол жерге Президент тапсырмасымен көпір салынып жатыр.
Еске салсақ, кеше ұзындығы 1316 метр екі жолақты бұл көпірдің арнайы сынақтан өткені хабарланған.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.