Марат Смақов, Зырян ауданындағы №3 өрттен құтқару бөлімі:
«31 наурыз күні Зубов кентіне Бұқтырма өзені қауіп төндірген болатын. Таңғы сағат 8.00-де сонда болдық. Тасқынның ағыны қатты еді. Үйлерге жаяу жету мүмкін емес. Түске дейін 3 көшенің тұрғындарын құтқардық. Бір үйден екі баласы мен әйелді өзім жалғыз алып шығуға тура келді, адам жетіспей жатқан. Түстен кейін аудан орталығына қайтып, «Ескі қаладағы» тұрғындарды құтқардық. Мұндағы судың тереңдігі 3 метрге дейін жететін. Бір қарияның үйіне келсем, су терезеден асып кеткен екен. Өзі жылап жүр. Үйден шығудан бас тартты. Әрең дегенде көндіріп, арқалаған қалпы сыртқа беттегенде жертөлеге түсіп кеттік. Белуардан келетін судан аяқтың асты көрінбей қалған ғой. Су алғаш кіргенде қария жертөленің қақпағын ашып тастаған екен. Құдай оңдап, екеуміз де жарақат алмаппыз. Сол кісіні құтқаруға 30 минуттай айналдым.
Адамдарды алып шыққаннан кейін үй хайуандарын құтқарамыз. Сондай сәттің бірінде аяғымнан ит қауып алды. Резеңке етіктен тісі өтпеді қайта. Тағы бір үйдің тұрмыстық техникасы бір апта бұрын несиеге алынған екен. Көздерінше су астында қалды. Кейбіреулердің 2-3 млн теңгеге несиеге алған көліктері суға кетті. Тек ертеңінде судан шығарып жатты. Техника баруы мүмкін болмаған үйлерге қайықпен жетіп, адамдарды шығардық. Неше үйден неше адамды шығарғанымыз есімде жоқ. Оны санайтын уақыт қайда? Қазір де сол апаттың салдарын жоюмен шұғылданып жатырмыз»,- дейді ол.
Нұрлан Кішібаев, Аягөздегі №50 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы:
«Біздің бөлім Аягөздегі құтқару жұмыстарына бастан-аяқ қатысты. Ең бірінші Тоқсанғазин және Барақ батыр көшелеріндегі тұрғындарды көшіру туралы тапсырма түсті. Бөлім басшысының міндетін атқарушы Ержан Өртбаев бәрімізге қысқаша нұсқау беріп, міндеттерімізді пысықтады. Ең бірінші кезекте жарымжандар мен жүкті әйелдер, балалар мен нәзік жандылар шығарылды. Ең соңында ғана ер адамдары құтқардық. Тасқынның алғашқы күні «112» номеріне 70-тен астам қоңырау түсті. Көлік қозғалысы қиындағандықтан, арасы бір шақырым болатын көшелердің ортасында жаяу жүгіріп жүрдік. Қарбалас кезінде бір тұрғынның суға кеткені туралы дабыл жетті. Біз барған кезде көршілері құтқарып алған болып шықты. Ал бір қария ұмыт қалған дәрісі есіне түсіп, үйіне қайта кірмекші болған. Біздің айтқанымызға көнбеген соң учаскелік полицияны шақырып, үйінен әрең алып шықтық. Өзге өңірлерден көмек келіп жеткенше 24 құтқарушы жүрдік. Біздің жетпей жатқанымызды көрген тұрғындар да жаппай көмекке жүгірді. 400 адамды біз ғана құтқарып қалуымыз мүмкін емес еді. Біздің еңбегіміз көрінбей қалса керек, «төтенше жағдай қызметі қайда қарап отыр» дегенге саятын өкпе-реніштер де айтылып жатты. Ең бастысы адам шығыны болған жоқ. Есімізді енді жиып жатырмыз».
Дәурембек Мұхаматжанов, Оңтүстік Қазақстан облысынан жіберілген бөлімше командирі:
«Алғашында бұл жақ суық сияқты көрінген, кейін үйреніп кеттік. Біздің бөлімшеде 26 адам бар. Басында Глуобоке ауданының Прогресс ауылындағы апат салдарымен күрессек, қазір Зырян қаласында жүрміз. Мұнда келгенімізге 4 күн болды. Прогреске жеткенде тұрғындар құтқарылып қойған екен. Біз үйлерді судан сорғыттық. Баспанасын түбірімен шайып кеткен адамдарды көрдік. Жаның ашиды. Бүгін таңертең Прогресс ауылының әкімімен сөйлестім. Су қайтып, адамдар үйлеріне оралып жатқан көрінеді. Мектептегі уақытша баспанада ешкім қалмапты. Кейбір тұрғындар қоңырау шалып, алғыстарын айтып жатыр. Зырян ауданында да тек апат салдарын жоюға қатысып жатырмыз. Жүздеген адамды жергілікті мамандар мен әкімдік өкілдері өз күштерімен құтқарған екен. Мұндағы үйлердің жағдайы әлі ауыр. Кейбір жерлерде су үйдің шатырынан асып кеткен».
Нұрлан Киікпаев, Шемонаиха ауданының Верх-Уба ауылындағы өрт сөндіру бекетінің басшысы:
«Козлиха өзенінің бұлай тасығанын көнекөз қариялар 50 жыл бұрын көріпті. Қарамағымдағы үш адаммен бірге 48 ауылдасымызды құтқардық. Оның жетеуі - бала. Тасқынның қатты болғаны сонша, арнайы техникадан басқа көліктер жүре алмай қалды. Біз өрт сөндіргіш машинамен қатынадық. Жастау адамдар жылдам қимылдап, айтқанымызды екі етпей орындады. Ал егделеу адамдар апат салдарын өте ауыр қабылдайды екен. Ондай кезде писхологтың рөліне енуге тура келеді. Егде адамдарды біздің биік көлікке отырғызудың өзі қауіпті еді. Әкімдіктен жеңіл көлік алдырып, оған дейін арқалап апардық. Адамдарды аман алып шыққан соң, мүліктерін су тимейтіндей етіп жинадық. Ең қажет деген киім-кешегі мен азық-түлігін уақытша баспанасына жеткізіп бердік. Кейбір кісілердің барам деген туысы үйінде жоқ болып шығып, басқа мекенжайға тасыдық. Бір үйдің сиыры жаңадан төлдеген екен. Жан-жақтап жүріп құрғақ жерге көтеріп апардық. Қазір Козлиха арнасына түсті. Қауіптің беті бері қарады ма деп отырмыз».
Айта кетейік, бүгін Зырян ауданына барған облыс әкімі Даниал Ахметов жағдай тұрақталып, су деңгейінің түскенін айтты. Оның айтуынша, мұндағы тоғыз елді мекенде судың беті қайтып, өзендер арнасына түскен.
«Енді Катон-Қарағай ауданындағы Сенное елді мекені аумағында мұз кептелісі туындау қаупі бар. Даниал Ахметов ондағы мұз жару жұмыстарын ертең бастауды тапсырды. Жалпы, апта соңына қарай облыста ауа температурасы температура 17 градусқа дейін көтеріледі деп күтілуде. Сол себепті аймақты су алу қаупінің кезекті толқыны басталуы ықтимал. Оның алдын-алу шараларына жергілікті билік барынша дайындық жүргізуде» - дейді әкімнің баспасөз қызметі.