ШҚО-ның 8 ауданында субсидия алған шаруагерлер міндеттемелерін орындамаған

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының 8 ауданында мемлекеттен субсидия алған шаруагерлер мал басын сақтау міндеттемелерін орындамағаны анықталды. Бұл туралы облыстың ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері жөнінде өткен жиналыста айтылды.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

— ШҚО бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Ауыл шаруашылығы басқармасына мемлекеттік аудит жүргізді. Соның нәтижесі бойынша басқарма 74 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 1 284 бас ірі қара малға субсидия бергені, алайда олар мал басын сақтау міндеттемелерін орындамағаны анықталды, — деді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жаннат Көшерова.

Бұл Зайсан, Тарбағатай, Ұлан, Күршім, Самар, Үлкен Нарын, Шемонаиха, Марқакөл аудандарына қатысты. 

— Сондықтан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері субсидияланған мал басының сақталуына тоқсан сайын мониторинг жүргізіп отыруы қажет, — деді Ж.Көшерова.

Енді аталған аудан әкімдері малға берілген субсидияларды қайтару жұмыстарын жүргізуі тиіс. 

Еске салсақ, осыған дейін Атырау облысында мал ұрлығына қарсы блокбекеттер қойылғаны хабарланған.