ШҚО-ның Үржар ауданында құсбегілердің республикалық чемпионаты өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаңтардың соңғы күндерінде Тарбағатай тауының күнгейінде, Үржар ауданында қан қыздырар тамаша қансонар өтті, деп жазады «Егемен Қазақстан» газетінің аймақтағы тілшісі Думан Анаш.

Шығыс өңірінің шекаралық шалғай ауданы болсадағы, облыс аумағынан, республикамыздың түкпір-түкпірінен салбурынға асыққан ел көп екен. Мұның жөні бар. Өйткені, Астана қаласы мен Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыс­тарынан келген құсбегілердің, сыншылардың, ұлттық спорт түрлері жанашырларының басын қосқан бүркітшілердің ересектер арасындағы Х республикалық чемпионаты мен Үржар ауданы бүркітшілерінің бауашары Алтай-Тарбағатай елінде алғаш рет қолға алынып отыр.

Мақаншы ауылының ірге­сіндегі Жайтөбенің бауырында өткен бәсекеге келгенімізде бай­қадық, қыранға құмар халық­тың қатары қалың. Аппақ қар­дың үстіне тігілген ақшаңқан киіз үй қасындағы нөпір халық­қа құсбегілердің сапқа тұрғы­зыл­ғаны, арнайы рапорт пен бүркіт­шілерге «еркін» деп команда берілуінің өзі қызық.

Ашылу салтанатында дала төсінде шырқаған Әнұранға бүркіттердің шаңқ-шаңқ еткен өр дауысы қосылып, әп-сәтте ұлттық рухымызды жаныған мереке басталып кетті.

Жарыстың алғашқы күнінде бүркітшілердің киімі, ат әбзел­дері тексерілді. Ұлттық нақышта тігіліп, ою-өрнектермен безен­ді­рілген саптама етік, қысқа тон, қалың шалбар, бүркітші бия­лайы, шырға балдақ, томаға, ер қаруы - пышақ, құстың жем­сауыты секілді құсбегіге қажет­ті құрал-жабдықтар назарға алынып, бүркіттің тұрпаты мен бүркітшінің киімі бағаланды. Бұдан соң сайыстың құсты қолға шақыру, шырға тарту, еркін ұшу кезеңдеріне де кезек жетіп, саятшылар құстарының бабы қалай екенін көрсетті. Екінші күн нағыз салбурынмен жалғасып, қыран құстардың қоян ілу, түлкі алу шеберлігі сынға түсті. Жарыс қорытындысында үздік шыққан бүркіттер қасқырға жіберілді. Осы аралықта біз бүркіттердің алымдылығы мен шалымдылығын тамашаладық, бүркітшілердің әңгімесіне қанықтық. Жарыстың ұйымдастырушысы, Қазақстан бүркітшілер одағының мүшесі Тәттімбет Кәпұлы Үржар ауданында соңғы кездері ата-бабадан қалған құсбегілікті, қыран баптауды дамыту қолға алынғанын, жарты жылдың ішінде Барқытбел бауырында бүркіт ұшырып жүргендердің қатары 5 адамға артқанын жеткізді.

- Бұл жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 28 бүркіт пен 4 қаршыға қатысты. Әрине, жергілікті табиғат райына бірден бейімделу құстарға қиын. Сондықтан, құстарды бірден аңға салмай, алдымен қолға қондыру, шырға тарту сынды ойындарды ұйымдастырдық. Біздің мақсатымыз - кейінгі ұрпаққа осы бір тұрпаты қайталанбас ата дәстүрін аманаттау ғой. Осы үдеден шықсақ болды, - дейді Тәттімбет.

Біріншіліктің ең қарт қаты­сушысы, 70 жастағы Тәлімбек Ай­сабекұлы 5 жыл бұрын Қытайдың Құлжа қаласынан көшіп келіпті. Қазір Алматы облысының Сарқан қаласында тұратын, жеті атасынан қолға құс құндырған әулеттің ұрпағы жетісулық командадағы жас саятшылардың ақылшысы. Қырық жыл бойы қыран ұстап келе жатқан қарт құсбегінің айтуынша, ата-бабаларымыз заманында қыран құсқа ерекше құрметпен қарап, бір бүркіттің өзін отыз жылға дейін түлеткен екен.

Ақсақал сайысқа «Аюқара» атты 4 жасар балапан бүркітін алып келіпті.

Жамбыл облысының Меркі ауданынан әкелі-балалы құсбегілер де келген екен. Жарыстың жас қатысушысы, әлі бала мұрты тебіндемеген Бағдәулет Бабажан «Қанжар» есімді көк қаршығасын қосып, қаршығалар арасында бірінші орынды жеңіп алды. Әкесі Жалғас Әкімбековтің бүркіті де жақсы өнер көрсетті.

Мәдениет және спорт минис­тр­лігінің ұлттық спорт пен саят­шылықтан бас жат­тық­ты­рушы­сы Базарбек Күнтуғанұлы екі күн­дік саятшылық сайысында құс­тардың барлығы да жоғары дең­гейде өнер көрсеткенін, қат­ты жел соғып, аяз болғанына қара­мастан қырандардың сыннан сү­рінбей өткенін сүйіне айтты.

Жарыс қорытындысында, бүркіт­шілердің үздік бестігі анық­та­лып, баршасы да қомақты қаржы­лай сыйлықтарға ие болды. Алма­ты облысынан келген Әнуар Тоқ­та­сыновтың бүркіті бірінші орынға ие болды. Сондай-ақ, барлық құс­бе­гілер сый-сыяпатпен марапатталып, хош көңілмен аттанды. Алда­ғы уақытта шығыс өңірінде бүркітшілердің өңірлік федерация­сы құрылып, бабалар мұрасы әрі қарай өрістей бермек.