ШҚО: Суармалы жерге тартылған 20 млрд теңгенің инфрақұрылымы игерілмеген

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанда соңғы 4 жылда суармалы жерлерге 20 млрд теңгенің суару жүйесі тартылған. Алайда мемлекет қаржысына тартылған сол инфрақұрылымды ел игілігіне жарат алмай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің басшысы Ислам Әбішев айтты. Көкпекті ауданында өткен-семинар кеңеске суармалы алқап иелері мен жергілікті сала басшылары қатысқан болатын.

Ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға қарай Шығыс Қазақстанда 92 мың гектар суармалы жердің шаруалардың игілігіне берілуі қажет. Одан кейінгі кезеңде 200 мың гектардан астам алқапқа қажетті инфрақұрылым тарту көзделген. Республика бюджетінен қомақты қаржы бөлініп, инфрақұрылым тартылып жатқанымен, суармалы жерге кетпен түспей тұр. Семинарда осының себеп-салдары талқыланды.  Су ресурстары комитетінің мәліметі шынымен ойланарлық. Суару жүйесімен қамтылғанына қарамастан, қаңсып жатқан алқап мыңдаған гектарға жететіні айтылды. Тарбағатай ауданында - 4575 га, Үржар ауданында - 8,5 мың га, Жарма ауданында - 789 га алқап игерілмей жатыр. Ал Зайсан қаласының маңайындағы 1855 гектар алқапқа суару магистралі тартылғанымен, оның тек 100 гектары ғана ел игілігіне берілген екен.

«Суармалы жердің 1 гектарынан бір маусымда ең кем дегенде 1 млн теңге табыс табуға болады.  Жоғарыда аталған  аудандардың есебінен 4 жылда бөлген 20 млрд теңгені 1 ғана маусымда ақтап алуға болар еді. Бірақ жергілікті әкімдерге суармалы жердің ел игілігіне жарауы қажет емес сияқты. Небір маңызды жобалардың аузынан жырып, қаржыны сіздерге бөлдік. Өйткені, аудан әкімдері мен облыс әкімінің сол кездегі орынбасары 55 мың гектар суармалы алқапқа жергілікті шаруалар мұқтаж болып отырғанын жазбаша мәлімдеген болатын. Біз өз тарапымыздан каналдарды қайта қалпына келтіріп, су жеткізіп бердік. Енді сол мұқтаж деген шаруалардың біреуі жоқ. Мемлекет қаржысын бұлай желге ұшыруға жол берілмейді. Бұл мәселе облыс әкімі мен Үкімет басшысының алдына қойылатын болады», - деді Ислам Әбішев.

Суармалы алқап иелері тартылған инфрақұрылымның пайдаға аспай жатуының бір себебі тау өзендерінің көбі күзге қарай тартыла бастайтынымен түсіндірді. Әсіресе, Тарбағатай мен Қалбатау сілемдерінен бастау алатын өзендерде тамыз айына қарай су азайып қалатын көрінеді. Соның салдарынан су магистральдерге жетпей жатыр.  Диқандар осы проблеманы біржола жою үшін каналдардың басына су қоймаларын орнату қажет деген ұсыныс айтты.