Қаланың жаңа әкімі Айбек Кәрімов облыстық ТЖ департаментінің басшысы Руслан Нұрбатшановқа тұрғын үйдегі ТЖ зардаптарын жоюға гарнизон бөлімшесінің көмегін бөлу туралы ұсыныс жасады. Өйткені, 8 қаңтарда Семейде орын алған ЖЭО-1-дегі апат салдарынан қаланың сол жағалау бөлігіне жылу шектеулі берілетін болып қалды. Пәтерлердегі температуралық режим, әсіресе Әуезов даңғылындағы көппәтерлі үйде нөлдік көрсеткіштен сәл ғана жоғары тұрды. Пәтерлерге кіріктірілген қадау құбырлар негізгі жылу беру жүйелерінен коммуналдық кәсіпорындардың бригадаларымен жартылай бөлініп тасталды. Оған қайта қосылу үшін, әр тұрғын апат залалын өз күшімен жоюы керек еді. Бірақ қайта қалпына келтіру жұмыстары әлі күнге дейін басталмады. Осыған орай, Семей әкімі А.Кәрімов құтқарушылардан көмек сұрады.
Дүйсенбі, 24 қаңтарда ТЖ қызметінің жеке құрамының 34 адамы жұмысқа кірісіп кетті. Ескі жылыту жүйесі алынып тасталып, жаңа жылыту жүйелері орнатылуда. Бригадалар барлық қажетті материалдармен және Семей қаласы әкімдігінің тарапынан ұйымдастырылған ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Жұмыстар тәулігіне 12-14 сағат жүргізілуде, өйткені, ТЖ қызметкерлері қалпына келтіру жұмыстарын айдың аяғына дейін тәмамдауды жоспарлап отыр.