Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сәйкес, бұл көрсеткіш жыл басымен салыстырғанда 499 мыңға немесе 20,4%-ға артқан. Әсіресе тау-кен өндіру өнеркәсібінде (+2,9%), құрылыс және ауыл шаруашылығы (+2,5%), сондай-ақ ақпарат және байланыс (+2,4%) салаларында шағын заңды тұлғалардың саны көбейген.
2025 жылдың қорытындысында шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40,9%-ға жетсе, өндірілген өнім көлемі 104,7 трлн теңгені құрап, бір жылда 27,8%-ға өсті.
– Мемлекет бақылау жүйесіне түбегейлі өзгеріс енгізіп, жазалау тәсілінен алдын алу және профилактика қағидатына көшті. Нәтижесінде өткен жылы бизнесті тексеру саны 8,6%-ға қысқарды. Заңнамадан 10 мыңнан астам артық талап алынып тасталып, жаңа талаптарды енгізуде «1 in 2 out» қағидаты қолданыла бастады, – делінген Үкіметтің ақпаратында.
Сонымен қатар бизнестің есептілігінің 49%-ы оңтайландырылып, кәсіпкерлердің мемлекеттік қызметтерді жедел алуына арналған «eGov Business» цифрлық қосымшасы іске қосылды.
Кәсіпкерлерді қаржылай қолдау шаралары да кеңейтілді. Өткен жылы 1,6 трлн теңге сомасына 9,5 мыңға жуық жоба жеңілдетілген қаржыландыру алды. Қазір «Өрлеу» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлерге 10 жылға дейінгі мерзімге 12,6%-бен несие берілуде. Биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 91 қарыз алушыға жалпы көлемі 18,4 млрд теңге қаржы бөлінген.
Өңдеу өнеркәсібі жобаларын қолдау үшін өңірлерде 13,2%-дық «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды. Сонымен бірге «Даму» қорының базасында екі жаңа кепілдік қоры құрылып, өңдеу өнеркәсібі, көлік, логистика және білім беру салаларындағы жобаларды қолдау басталды.
– Биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша кепілдік қоры арқылы жалпы құны 189,9 млрд теңгені құрайтын 998 жоба қолдау тапты. Ал Кепілдік қоры-2 аясында жалпы сомасы 442,4 млрд теңгені құрайтын алты ірі жоба мақұлданды. Қаражатты бөлуді бақылау үдерісі толықтай «Baqylauda» цифрлық жүйесі арқылы автоматтандырылған, – деп атап өтті Үкімет.
Мемлекеттік сатып алу жүйесі де жаңғыртылды. Жаңа заңның арқасында рәсімдердің мерзімі 30 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін қысқарып, бір көзден сатып алу үлесі 23%-ға дейін төмендеді. Қазақстандық өндірушілер үшін 50% көлемінде міндетті аванс төлеу, келісімшартты қамтамасыз ету талаптарынан босату және тұрақсыздық айыбын 3%-ға дейін төмендету тетіктері енгізілді.
Биылғы алты айда мемлекеттік сатып алу көлемі 7,7 трлн теңгені құрады. Оның ішінде отандық тауар өндірушілермен жалпы сомасы 85,2 млрд теңгеге 61 532 келісімшарт жасалған.
Айта кетейік, Қазақстандағы бизнес субъектілерінің жартысына жуығын әйелдер басқарады.