деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеште ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов, халықаралық және республикалық конкурстардың Гүлмира Сарина, Еркебұлан Қайназаров, Елена Ганжа сынды лауреаттар өлең шумақтарын оқып, қазақтың ән-күйлерін әуелетті. Ұлттық дәстүрлер театры, мемлекеттік ұйғыр театры және К. Байсейітова атындағы опера және балет театрының әртістер қазақ ғұламасы Шоқанның бейнесін аша түсетін қойылымдарды ұсынды.
Мәдениет министрі М. Құл-Мұхаммедтің айтуынша, ҚР Президенті Н. Назарбаевтің ұйғарымымен ғалымның мерейтойы туған өлкесі Көкшетауда аталып, кейін Қазақстанның түкіпір-түкпірінде осындай шаралар өтетін болады.
«Өзі дүниеден өтсе де, оның қазақ ортасына еккен дәні солған жоқ. Шоқанның ізін қуып, бірінен соң бірі қазақтың азаматтары Ресейдің жоғары оқу орындарына түсті. Біздің Алашорда деп аталған қазақтың шоқжұлдызындай ғажап шоғырын осы Шоқан еккен дәннен өскен ұрпақ деп атауға болады. Шоқанға қарап бой түзеген ұрпақ десе де болады», деді министр.
Шоқан 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысы Сарыкөл ауданындағы Күнтимес қыстауында туған. Әкесі Шыңғыс Уәлиханұлы сол кезде Аманқарағай дуанының (орталығы Қараоба мекені) аға сұлтаны болған. Шоқанның өз атасы Уәли Орта жүздің ханы еді, арғы атасы - Қазақ Ордасының Ұлық ханы Абылай, Шоқан - оның шөбересі. «Жеті жұрттың тілін білуге тиісті» хан тұқымы болғандықтан, Күнтимес ордасындағы әкесі ашқан ауыл мектебінде хат таныған Шоқан сол мектепте шағатай тілін меңгереді, парсыша, арабша тіл сындырады. Бұдан кейін 1847-1853 жылдары оны әкесі сол кезде Сібірдегі ең таңдаулы оқу орны деп есептелінетін Омбы кадет корпусында оқытады. Онда әскери сабақтарға қоса жалпы және Ресей жағрафиясы мен тарихы, батыс, орыс әдебиеттері, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері жүрген. 1855 жылы Ұлы жүзді Қоқан хандығының ықпалынан шығарып, Ресейге қосу бағытында жұмыс істеу үшін ұйымдастырылған экспедицияға қатысып, Семей, Аягөз, Қапал арқылы Іле Алатауына дейін келеді. Жоңғар қақпасына, Алакөл, Тарбағатайға, Ыстықкөлге саяхат жасайды. Осы сапарында қазақ, қырғыз, ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинап алады. Қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрып, діни ұғымдары жайында материал жинап қайтады. Бұл материалдар негізінде кейін ол «Тәңірі (құдай)», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбектер жазады. Құлжа сапарынан кейін жарық көрген «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс уәләяты және Құлжа қаласы», "Алтышәрдің, яғни Қытайдың Нан-Лу уәлаятының (Кіші Бұхараның) жайы" атты еңбектері шығыстану әлемінде құнды дүниелер болып саналады.